16 желтоқсан - мереке күні. Call-орталық жұмыс істемейді
  • Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Гайморит (қазақша)

    Гайморит – синуситтердің бір түріне жататын, гаймор қойнауындағы қабыну үрдісі. Гаймор қойнауы — мұрынның екі жағындағы қуыстар. Қабыну бір жақтық (бір жақтық гайморит) немесе екі жақтық болуы мүмкін. 

    Себептер

    Гаймориттің себептері ағзада болатын басқа да қабынудың себептеріне ұқсас болып келеді. Ең алдымен бұл - вирусты және бактериалды жұқпалар. Бірақ бұдан басқа гаймориттің себептеріне мұрын қалқасының қисаюы, аллергиялық реакциялар, сонымен қатар көршілес ағзалардың қабынуы — тіс жегі, отит, тонзиллит жатады.

    Клиникалық белгілері

    Гаймориттің жедел түрінің клиникалық белгілері:

    • бас ауруы, әсіресе басты кенет қозғалтқанда және оны төмен түсіргенде байқалады;
    • көз аймағындағы (кеңсірікке жақын) ауру сезімі;
    • түшкіру және жөтелу кезінде кеңсірік аймағындағы ауру сезімі;
    • үстіңгі тістер мен ұрттағы ауру сезімі;
    • мұрынның шырышпен толық немесе жартылай бітуі, иіс сезудің болмауы.
    • мұрыннан бөлінділер.

    Сирек жағдайда төменгі қабақ пен кеңсірік аймағының ісінуі байқалады.    

    Егер гайморит белгілі бір жұқпамен қабаттаса жүрсе, онда дене қызуының жоғарылауы, ағзаның жалпы әлсіздігі, тәбеттің болмауы сияқты симптомдар пайда болады. 

    Созылмалы гаймориттің клиникалық белгілері:

    • мұрынның тұрақты бітелуі (жиі бір жақты);
    • көз аймағының қайта-қайта сыздап ауруы;
    • созылмалы конъюнктивит;
    • қатты бас ауруы;
    • мұрыннан шырышты немесе іріңді бөлінділер.

    Созылмалы гайморит жиі құрғақ созылмалы жөтелді және тамақта ауру сезімін (әсіресе жұтқан кезде) шақырады.

    Диагностикасы

    Диагнозды қою үшін клиникалық тексеру мен рентгенологиялық зерттеу жүргізіледі. Сонымен қатар диагнозды қою үшін диафаноскопияны қолданады. Бұл әдіс  кезінде мұрын қойнауларын (ауыз арқылы) арнайы жарықпен көреді. Аурудың созылмалы түрінде диагностикалық пункция жүргізіледі.  

    Емі

    Гаймориттің кез келген түрі анықталған жағдайда ем мұрынның шырышты қабатының ісінуін жоюға бағытталуы керек. Осы мақсатта қан тамырларын кеңейтетін препараттар тағайындалады. 

    Дене қызуының жоғарылауымен жүретін аурудың жедел кезеңінде төсек режимі, дене қызуын түсіретін және ауру сезімін басатын дәрілік заттар тағайындалады. Гайморит кезінде антибиотиктер микрофлораның сипатын есепке ала отырып ұсынылады.

    Іріңді гайморитті теспей емдеу антисептиктермен мұрын қуысын жуумен толықтырылады. 

    Егер жоғарыда аталған әдістер әсер бермесе, гаймор қойнауына пункция жасау тағайындалады. Бұл әдіс гаймор қойнауын жиналған шырыш пен іріңнен тазартуға мүмкіндік береді. Бұл процедураға пункция, дренаж және жуу кіреді.  Барлық шараларды дәрігер-отоларинголог жүзеге асырады.  

    Асқынулары

    Гайморитті дер кезінде емдемесе, науқастың иіс сезу қабілеті бұзылуы мүмкін, ал ерекше асқынған жағдайларда иіс сезудің толық жойылуына әкеледі. 

    Сонымен қатар ауру ішкі ағзаларға (бүйрек, бауыр, жүрек) да асқыну беріп, бронхиалды демікпе мен пневмонияның себепшісі болуы мүмкін. 

    Өте сирек жағдайда гаймориттің салдары ретінде менингит (ми қабықтарының қабынуы) немесе мидың абсцессі (іріңнің жиналуы) дамуы мүмкін.

    Алдын алуы

    Бірінші кезекте жұқпа ошағын жою керек. Бұған ауру тісті жұлу, мұрын қалқанын түзеу, аллергиялық ринитті емдеу және т.б. жатады.

    Сонымен бірге иммунитетті жоғарылатуға мән берген жөн. Дәрумендер қабылдау, дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, шынығу және спортпен айналысу қажет.   

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен ЛОР/отоларингологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.