• Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Гастрит (қазақша)

    Гастрит – дистрофиялық өзгерістерге алып келетін асқазанның шырышты қабатының қабынуы.

    Ғылыми тұрғыда гастрит – бұл симптом, ал аурудың өзін «функционалды диспепсия» деп атайды. Бірақ осы күнге дейін терапевттер мен гастроэнтерологтар әдетте диагнозды «созылмалы гастрит» деп қояды. 

    Асқазан гастриті – асқорыту жолдарының ең кең тараған ауруы. «Гастрит» диагнозын тұрғындардың 25%-на қоюға болады деп есептеледі, ал егде жастағы адамдарда бұл көрсеткіш 80%-ға дейін жоғарылайды. 

    Гастриттің жедел және созылмалы түрлері болады.  Жедел гастрит асқазанға қандай да бір тітіркендіргіш заттың (химиялық заттар, дәрілер, бұзылған тағамдар) түсуінен дамиды.

    Созылмалы гастриттің әр түрлі себептері болады. Мысалы, аутоиммунды бұзылыстар, Helicobacter pylori («хеликобактер пилори») болуы, өттің асқазанға өтуі (рефлюкс-гастрит).

    Гастриттің тек дәрігер-гастроэнтеролог қана анықтай алатын бірнеше түрлері ажыратылады:

    • атрофиялық;
    • гипертрофиялық;
    • эрозивті;
    • гранулематозды;
    • лимфоцитарлы және т.б.

    Диагностикасы

    Кең таралған әрі ақпараттық әдіс эндоскопиялық зерттеу (ФГДС, фиброгастродуоденоскопия) болып табылады. Заманауи гастроскоптар (жарық беретін немесе видеокамерасы бар жіңішке иілгіш түтік) асқазан қуысының толық суретін береді, биопсия жасауға, қан ағуды тоқтатуға, полипті алып тастауға, емдік және диагностикалық шараларды жасауға мүмкіндік береді. Процедура қысқа уақытта жасалады және науқасқа ауыр емес.

    Эндоскопиялық зерттеуден басқа қан мен зәрдің зертханалық сараптамалары алынады, Helicobacter pylori-ге сынама жүргізіледі, іш қуысы ағзаларының УДЗ жасалады.

    Клиникалық белгілері

    Гастрит кезінде ең әуелі тітіркендіргіш тамақ, дәрілер ішкен кезде немесе тамақ қабылдау аралығында құрсақ өрімі аймағында (кіндіктен жоғары) қатты ауру сезімі анықталады. Бұдан басқа қыжыл, құсу, кекіру, метеоризм (іштің кебуі), ауыздағы ащы дәм, шөлдеу, сілекейдің көп мөлшерде бөлінуі сияқты белгілер болуы мүмкін.

    Көп жағдайда гастриттің симптомдары байқалмайды, бірақ соңында ағзаның ауыр бұзылыстарын шақыруы мүмкін.  Мынаған көңіл аудару қажет: 

    • тамақ ішкен соң ауырлық сезімі ;
    • дәреттің тұрақсыз болуы (іш қату, іш өту, екеуінің кезектесуі);
    • тілдегі өңез;
    • ауыздан жағымсыз иістің шығуы;
    • іштің шұрылдауы;
    • іштің кебуі;
    • ұйқышылдық, жоғары тершеңдік.

    Ем

    Қабынған асқазанның емі оның түріне байланысты. Жедел қабынған асқазанды емдеу үшін оны жуу, диета сақтау, көп мөлшерде сұйықтық ішу және гастроэнтеролог тағайындаған дәрілерді қабылдау керек.   

    Созылмалы гастрит кезінде ауру сезімін басатын дәрілер, антибактериалды препараттар, хеликобактер пилориді жоятын арнайы заттар қабылданады.  Ауру түріне қарай гастроэнтеролог қышқылдықты азайтатын, асқазан мен ішек бұлшықетінің қозғалысын реттейтін, құсуға қарсы, ферменттік және тағы басқа дәрілерді тағайындайды. 

    Алдын алу

    Гастриттің алдын алуы емдәмге (№1 стол) және салауатты өмір салтын ұстануға, физикалық және психикалық жүктемелерді шектеуге негізделген. 

    Темекі шегу, ішімдік ішуді тоқтату қажет, тәтті газдалған сусындарды, ащы, қышқыл, қуырылған тағамдарды, майлы ет, жаңа піскен нан, тәттілерді, консервіленген заттарды, сүрленген, тұздалған заттарды, бұршақ тұқымдастарды, қышқыл жеміс-жидектерді, қышқыл сусындарды, шоколад, ет және балық сорпаларын, кофені рационнан мүлдем алып тастау қажет.  

    Көкөністен, жармалардан жасалған сорпа, ашытқан сүт өнімдері (майлы, ащы ірімшіктен басқа), кешегі ақ нан, қатқан нан, буда және суда піскен көкөністер, балық пен құс еті, ботқалар ұсынылады.

    Гастрит асқынулары:

    • асқазанның ойық жарасы;
    • асқазан рагы;
    • панкреатит;
    • В12 дәруменінің тапшылығы кезіндегі анемия.

    Себептері

    • Helicobacter pylori бактериясы (гастриттің 80% жағдайында), басқа да бактериялар мен саңырауқұлақтар;
    • аутоиммунды үрдістер;
    • дұрыс тамақтанбау (ащы және майлы тамақты көп қабылдау);
    • ішімдік және темекі шегу;
    • кейбір дәрілік заттарды қабылдау (ауру сезімін басатын, стероидты емес қабынуға қарсы, глюкокортикостероидтар);
    • паразиттер;
    • күйзелістер, психологиялық жарақаттар.

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен гастроэнтерологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.