• Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Бас ауруы (цефалгия, головная боль қазақша)

    Бас ауруы (цефалгия) — бұл ауру емес, әр түрлі сырқаттар мен жағдайлардың клиникалық белгісі және ол адам сезінетін ауру сезімінің ең жиі тараған түрі.  Жер шары тұрғындарының  90%-да  жылына 1 рет басы ауырады.

    Бас ауруының 200 жуық түрі бар. Көп жағдайда бас сақинасы және ширығуға байланысты бас ауруы  кездеседі. Бұл – бас ауруының біріншілік түрі. Бас ауруының екіншілік түрі бас немесе мойынның белгілі бір ауруы (остеохондроз, ісіктер, қан құйылу, менингит және т.б.) туралы хабар береді.  

    Диагностикасы

    Ең алдымен дәрігер-невролог (невропатолог) немесе  терапевт  бас ауруының себебін анықтау керек. Осыған байланысты науқасты қарап тексеру, сұрастыру, артериалды қан қысымын өлшеу жүргізіледі.  Диагностикаға бас ауруы бар науқастардың ауру ұстамасы бойынша күнделік жүргізуі көмектеседі. Онда бас ауруының уақыты, ұзақтығы, интенсивтілігі, азық-түлікке, күн тәртібіне, айлардың күндеріне байланысты  дамуы туралы ақпарат жазылады.   

    Сонымен қатар қосымша белгілер (лоқсу, құсу, көру және есту бұзылыстары, әлсіздік, бас айналу, жүрек қағуы, жарыққа, шуға сезімталдық, дене қызуының жоғарылауы және т.б.) де өте маңызды.

    Бас ауруының себепшісі болып табылатын ауруларды анықтау үшін келесі зерттеу әдістері қолданылады:

    • көз түбін зерттеу,
    • электроэнцефалография (ЭЭГ)
    • бас және мойын тамырларының допплерографиясы (УДДГ)
    • компьютерлік томография
    • магниттік-резонанстық томография
    • люмбальды пункция
    • зертханалық талдаулар.

    Клиникалық белгілері

    Бас ауруы келесідей болуы мүмкін:

    • сырқыраған
    • сыздаған
    • ұстама тәрізді
    • шаншыған
    • қатты
    • жанға батарлық
    • күйдірген 
    • теспелі
    • өткір
    • басты толығымен орап алатын
    • тек бір жердегі

    Алғашқы көмек

    Бас ауруы инсульт, менингит, бас миының ісігі, депрессия сияқты қауіпті аурулардың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан дәрігерге дер кезінде қаралу өте маңызды.

    Егер бас ауруы кенеттен басталып ("баста бір нәрсе жарылғандай немесе атылғандай"), құсу, әлсіздік, сананың шатасуы, жоғары қан қысымымен қатар жүрсе, жедел жәрдемді шақырту немесе науқасты медициналық мекемеге жеткізу керек. 

    Егер бас ауруы айына екі реттен жиі анықталса, онда мұндай жағдайда да дәрігерге қаралған жөн. 

    Емі

    Бас ауруын дұрыс емдеу осы симптомды дамытқан себептерді анықтауға тікелей байланысты. Дәрігердің тағайындауынсыз ауру сезімін басатын немесе стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды қабылдау асқынулармен қауіпті болуы мүмкін.  

    Бас ауруын емдеуде медикаментозды емнен басқа массаж, физиотерапия, инемен емдеу, емдәм кеңінен қолданылады.

    Алдын алуы

    Бас ауруының алдын алудың негізгі әдісі салауатты өмір салты болып табылады: 

    • күн тәртібін сақтау
    • дұрыс тамақтану
    • физикалық белсенділік
    • күйзелістерді болдырмау
    • алдын алу массажы.

    Себептері

    • қан тамырлық бұзылыстар (ең жиі кездесетін себебі)
    • бас сақинасы
    • қабынулар, соның ішінде менингит, энцефалит
    • басішілік гипертензия (басішілік қысым жоғарылауы)
    • бас миы және жұлынның жарақаттары мен ісіктері
    • интоксикация (улану)
    • ыстық немесе күн өту
    • гипертония
    • депрессия
    • психикалық аурулар
    • гормоналды бұзылыстар
    • миға қан құйылу (инсульт)
    • остеохондроз
    • радикулит
    • гайморит, фронтит
    • невриттер мен невралгиялар (үштік, бет жүйкелерінің қабынуы)
    • глаукома
    • масаңдық табы.

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен неврологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.