• Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Анафилактикалық шок

    Анафилактикалық шок (Анафилаксия) – аллергияның ең қауіпті көрінісі. Бұл - ағзаның аллергенге шұғыл жауабы. Анафилактикалық шок бірнеше секундтан бес сағатқа дейінгі уақыт ішінде дамиды. 10-20% жағдайда анафилактикалық шок науқастың өлімімен аяқталады. 

    Клиникалық белгілері

    Аллергенді  енгізу орнында  дереу ауру сезімі, дененің көп бөлігіне тарайтын қышу, ісіну, қызару белгілері байқалады. Бронхтың тарылуы тұншығуға әкеледі.  Аллерген тыныс алғанда түссе немесе оны жұтқан кезде тыныс алу қиындайды, ауыз қуысы мен көмейдің жылдам ісінуі болады. Құсу, лоқсу, іш аймағында ауру сезімі байқалуы мүмкін. Анафилактикалық шоктың негізгі белгісі - артериалды қан қысымының күрт төмендеуі (ересектерде  90 мм с.б. төмен). Бұл әлсіздікті, солғындықты, жиі тыныс алуды, естен тануды, коллапсты шақырады.  

    Диагностикасы

    Анафилаксия сияқты шұғыл жағдай дереу ем тағайындауды қажет етеді. Сондықтан зертханалық талдау немесе аспаптық тексеру жүргізудің қажеті жоқ. Кенет дамитын бозғылттық, әлсіздік, шулы жиі тыныс алу, ауру сезімі және қышу, аллерген түскен жердегі қызару мен ісіну анафилактикалық шокқа күдіктенуге және медициналық көмекке дереу  жүгінуге жеткілікті белгілер болып табылады. 

    Емі

    Анафилактикалық  шок сияқты жедел жағдайды емдеуде күшті гормоналды дәрілер, атап айтсақ, адреналин, глюкокортикостероидтар және антигистаминді препараттар көмектеседі.  Бірақ бұл дәрілердің барлығын тек медицина қызметкері ғана енгізе алады. Сондықтан науқасқа жылдам медициналық көмек көрсетілгені жөн. 

    Алғашқы көмек

    • мүмкіндігінше аллергеннің ағзаға түсуін тоқтату қажет (жәндіктің уын жою, тағамды аластату, теріден химикатты жуу және т.б.). Егер аллерген ретінде көктамырға енгізілген дәрілер себепші болса, онда қажетті дәрілерді енгізу үшін  көктамырдағы инені шығармаған жөн;
    • шұғыл көмекке шақыру, жедел жәрдемді шақырту;
    • науқасты түзу горизонтальды қатты жерге, аяғын жоғары көтеріп жатқызған абзал; таза ауамен қамтамасыз ету; қажет болса жүректің тікелей емес массажын және жасанды тыныс беруді (ауыздан ауызға 2 рет тыныс беру, одан кейін 30 рет кеуде қуысын 5-6 см дейін минутына 100-120 қозғалыс жылдамдығымен басу) жасау қажет.

    Алдын алуы

    Аллергияны анықтаған кезде дер кезінде ем тағайындау, аллергенмен қатынасты жою қажет. Егер бұрын аллергия болғаны туралы ақпарат болмаса, антибиотиктер мен анестетиктерді қабылдау алдында міндетті түрде сынама жасау керек.  Сонымен қатар таныс емес азық-түліктердің дәмін сақтықпен   көріп, өндірістік химияны, дезинфекциялаушы заттарды, жәндіктер мен кеміргіштерге қарсы уларды қолданғанда қорғаныс заттарын (респираторлар, қолғаптар) пайдаланған жөн. 

    Себептері

    Анафилактикалық шоктың себебі – аллергиялық реакция. Анафилактикалық шокты жиі шақырады:

    • жәндіктердің уы,
    • дәрі-дәрмектер, соның ішінде антибиотиктер мен антибактериальды заттар, анестетиктер (стоматологияда жиі қолданылады) және  т. б.,
    • дәрумендер, вакциналар, сарысулар, косметологияда қолданылатын препараттар,
    • азық-түліктер: бал, жаңғақ, балық, саңырауқұлақтар, жержаңғақ және т.б.

    Анафилаксия иммунды жүйенің жасушаларынан (мес жасушалары, базофилдер) биологиялық белсенді заттардың кенет шығуынан дамиды. Бұл заттар қабыну үрдісін шақырады. Жиі бұл гистамин болып табылады. Ол қышуды, тыныс алудың қиындауын, мұрыннан су ағуды, бас ауруын және ең бастысы қан қысымының төмендеуіне алып келетін қан айналымының бұзылысын туғызады. Сондықтан аллергияға қарсы препараттардың көпшілігі антигистаминді препараттар деп аталады.