16 желтоқсан - мереке күні. Call-орталық жұмыс істемейді
  • Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Алкогольдік психоздар

    Алкогольдік психоздар — ішімдікті қабылдау салдарынан дамитын патологиялық жағдайлар тобы. Заманауи медицинада психоздың бұл түрін «мет-алкогольді» деп атайды. Себебі ол ішімдікті ішу барысында емес, ішімдікті салынып ішуді кенеттен тоқтатқанда, абстиненттік синдромның шыңында дамиды. 

    Алкогольдік психоз түрлері:

    1. Делирий («маскүнем елірмесі»)
    2. Галлюциноз
    3. Сандырақтық психоз
    4. Энцефалопатия
    5. Патологиялық мас болу.

    Алкогольдік делирий («маскүнем елірмесі», delirium tremens) — алкогольдік психоздың ең танымал түрі. Абстиненттік синдромның жедел кезеңінде, яғни ішімдік ішуді тоқтатқан кезде дамиды. Ұйқысыздық, қысқа ұйқы кезінде қорқынышты түстер көру, көңіл-күйдің кенет бұзылуынан және үрейден басталады. Одан әрі айқын елестеушілік дамиды, тіпті науқас сандырақтық оқиғаларға қатысады. Мысалы, жиіркенішті жәндіктерді көреді, олардың иісін, жанасуын сезеді, өзінің үстінен қағып түсіргісі келеді. Асқыну кешкі және түнгі уақытта басталады. Ал күндіз «ашық аралық» болуы мүмкін. «Маскүнем елірмесінің» ұзақтығы - 3-5-10 күн. Ем жүргізілмесе, қолайлы жағдайда әлсіздік, астениямен, ал қолайсыз жағдайда  науқастың өлімімен (емдегеннің өзінде өлім көрсеткіші 16%-ға дейін болады) аяқталуы мүмкін.

    Алкогольді галлюциноз сөйлеу, есту галлюцинацияларымен, қудалану сандырағымен сипатталады. Науқас әр түрлі «дауыстарды» естиді, үрейленеді, депрессияға түседі. Психоздың мұндай түрінің ұзақтығы 3 күннен бірнеше жылдарға дейін (созылмалы түрінде) болуы мүмкін. Ішімдікті салынып ішу, сонымен бірге ішімдік ішуді кенет тоқтату кезінде байқалады.   

    Алкогольді сандырақтық психоз. Әдетте айналадағы адамдар тарапынан қудалау сандырағымен көрінеді. Науқас қорқып, үрейлі, абыржыған болады. Сандырақтық психоз сирек жағдайда галлюцинациялармен қатар жүреді. Алкогольдік қызғаныш сандырағы жиі кездеседі. Көп жағдайда 40-тан асқан ерлер бейім болып келеді. Науқас әйелінің оған деген сезімі суығанына, көзіне үнемі шөп салатынына, балаларының басқа адамнан екеніне сенімді болады. Маскүнем басқаларға осындай әңгімесін сенерліктей етіп айтады. Науқас әйелінің артынан аңдып, оған қатысты зорлық әрекеттер де жасайды.

    Алкогольді энцефалопатия кезінде галлюцинация, сандырақ және органикалық бұзылыстар болады. Науқастың есте сақтау қабілеті төмендейді, тырысулар, жарықтан қорқу, аритмия, зәр мен нәжісті ұстай алмау, деменция (ақыл-ойының кемістігі) болуы мүмкін.

    Патологиялық мас болу— өте сирек кездесетін бұзылыс түрі. Бұл кезде ішімдіктің өте аз мөлшерінен кенеттен жағдайды бұрмалап қабылдау болады. Науқас қай жерде екенін түсінбейді,  бірақ оны қорқыныш, агрессия, ашу, уайым билеп алады, көру галлюцинациялары дамиды. Осындай жағдайда науқас заңға қайшы әрекеттер жасауы, біреудің мүлкін бұзуы, біреуді соққыға жығуы және тіпті адам өлтіруі мүмкін.  Науқасты тіпті бірнеше мықты ер адамдар да ұстай алмайды. Патологиялық мас болу жылдам қайтады, терең ұйқымен ауысады, оянған соң науқастың есінде ешнәрсе қалмайды.  Патологиялық мас болу жағдайы спирттік ішімдікті бірінші рет қабылдаған адамдарда, егде жастағы адамдарда, ұзақ физикалық және ақыл-ой жұмысынан кейін,  кейбір дәрілерді қабылдағаннан кейін дамуы мүмкін.  

    Диагностикасы

    Алкогольды психоздардың диагностикасы қарап тексеру, науқастың жақын туыстарын сұрастыру, ішімдікке зертханалық тексеруге негізделген.  Психоздың алкогольді және басқа түрлерін (функционалды, органикалық, тамырлық және т.б.) ажырата білу өте маңызды болып табылады. Себебі оларды емдеу әдістері ерекшеленеді. Алкогольді психоздарды нарколог, ал оның басқа түрлерін психиатрлар емдейді. 

    Клиникалық белгілері

    Негізгі клиникалық белгілер жоғарыда көрсетілген алкогольді психоздардың жіктелуінде сипатталған. Науқастың сандырағы жиі иланымды болып, оған адамдар сеніп қалатынына көңіл бөліңіздер. Сондықтан маскүнеммен тілдескен кезде үнемі психоздың даму мүмкіндігін естен шығармаған абзал. 

    Психоздардың барлық түрлеріне ортақ белгілер: 

    • біреумен әңгімелесуді немесе біреудің сұрағына жауап ретінде үн қатуды еске салатын өз-өзімен сөйлесу;
    • еш себепсіз күлу;
    • кенет үндемей қалу, адам бірнәрсені тыңдап отырған сияқты болады;
    • науқастың түрі - мазасыз, абыржыған; әңгіме тақырыбына зейін қоя алмауы;
    • сізге көрінбейтін және естілмейтін нәрсені науқас көріп, еститіндей әсер болады;
    • науқас үнемі есік пен перделерді жауып тастайды. 

    Алғашқы көмек

    Алкогольді психоздар — өмірге қауіпті жағдайлар. Психоздың дамуына күдік туындаса, дереу жедел жәрдемді, мүмкіндік болса мамандандырылған психиатриялық бригаданы шақырту керек. Себебі науқас өзіне және жанындағы адамдарға қауіпті болуы мүмкін. 

    Жедел жәрдем келгенше науқасты ашуландырмай, оған сөз қайтармай, онымен салғыласпаған дұрыс. Науқасты оңашалауға тырысу керек. Сенімділік, байсалдылық таныту қажет. Науқастың қолына түссе өмірге қауіп төндіретін заттарды, яғни асхана аспаптарын, өндірістік химияны, дәрілерді алып тастаған жөн. Қатты дыбыстар мен басқа да қоздыратын факторларды жою керек. Сандырақтар туралы егжей-тегжей («тарақан түсі қандай?», «олардың саны неше»?) сұрамаған абзал. Жалпы тыныштандыруға тырысып, көмек қолын созуды ұсыныңыз.  

    Емі

    Психоздардың негізгі еміне психиатриялық препараттармен медикаментозды ем жүргізу жатады. Алкогольді факторға байланысты болса, ағзаны уытсыздандыру, ұйқыны реттеу, қосымша аурулар емі, әлсіреу кезіндегі көмек қосылады. 

    Асқынулар:

    • мидың ауыр зақымдануы 
    • жүрек ритмінің бұзылыстары
    • артериалды қан қысымының төмендеуі
    • коллапс.

    Алдын алу

    Алкогольді психоздардың алдын алуы маскүнемдіктің алдын алуымен сәйкес келеді. Ішімдікті салынып ішу кезінде оны кенет тоқтату мерзімін өткізіп алмау қажет. Себебі осы кезде психоз дамиды. Ішімдікті салынып ішуді тек дәрігер-нарколог тоқтатуы қажет. 

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен наркологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.