16 желтоқсан - мереке күні. Call-орталық жұмыс істемейді
  • Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Ішімдікке тәуелділік (Алкогольная зависимость қазақша)

    Ішімдікке тәуелділік (маскүнемдік, этилизм) – ішімдікке (этил  спиртіне) әуестікпен сипатталатын, психикалық және физикалық тәуелділігі бар  созылмалы үдемелі ауру. Маскүнемдік ағзалардың уытты зақымдалуын шақырады. Ер адамдар әйелдермен салыстырғанда 5 есе жиі ауырады. Тұқымқуалаушылыққа бейімділік аурудың дамуын жылдамдатады. Неғұрлым адам жас болса, соғұрлым оның маскүнемдікке апарар жолы қысқа болады.      

    Диагностикасы

    Дәрігер-наркологтар «маскүнемдік» диагнозын қою үшін бірнеше көрсеткіштерді негізге алады. Науқасты қарап тексеру кезінде тері серпімділігінің (тургор) төмендеуі, домбыққандық, беттің қызғылт түсті болуы, бауырдың зақымдалу белгілерінің болуы  сияқты өзгерістер анықталады.  

    Сонымен қатар науқасты және оның туысқандарын сұрастырғанда ішімдікті көп мөлшерде қабылдағанға науқаста құсу реакциясының жоқтығы белгілі болады. Ол ішетін ішімдік мөлшерін бақыламайды, мас кезінде болған жағдай оның есінде қалмайды. Маскүнемдік салынып ішу сипатына ие (бірнеше күндер немесе апталар кезеңімен).

    Ішімдіктен бас тартқан кезде абстиненттік синдром айқын көрінеді:

    • ашушаңдық, көңілсіздік, жылауықтық, үрейлік;
    • бас ауруы;
    • ұйқысыздық;
    • ішімдікке деген қатты құмарлық;
    • қимыл-қозғалыстың белсенділігі немесе аз қозғалушылық;
    • қолдың, дененің түгел дірілдеуі;
    • әлсіздік;
    • тершеңдік.

    Қиын жағдайда алкогольдік психоз дамиды. 

    Жалпы зертханалық талдаулар мен аспаптық зерттеулер (жүрек, іш қуысы ағзаларының УДЗ) ішімдік әсерінің белгілерін көрсетеді. Мысалы, қабыну үрдісінің болуы, иммунитеттің әлсіреуі, бауыр, бүйрек, жүрек, асқазан-ішек жолдары жұмысының бұзылыстары, қан қысымының жоғарылауы.

    Клиникалық белгілер

    Науқас адам өзін сырқат екенін мойындамайды және ем алғысы келмейді. Мұндай жағдай тәуелділіктің көптеген түрлерінде кездеседі. Сондықтан төменде көрсетілетін клиникалық белгілер науқас адамның туыстарында үрей тудырып, тәуелділікті жеңуге көмектесу үшін олардың мамандандырылған наркологиялық медициналық мекемесіне баруына түрткі болады. Аурудың алғашқы кезеңінде емделу немесе ұзақ ремиссия мүмкіндігі жоғары болады. 

    Наркологтар маскүнемдікті 3 кезеңге ажыратады. Бірінші кезеңде адам ішімдік ішуді қатты қалайды, бірақ кейде бұл ынтызарлық басылады. Алайда егер ол ішімдік іше бастаса, онда ішкен ішімдік көлемін бақылай алмайды, мастық кезінде не болғаны есінде қалмайды. Сонымен қатар мас кезінде адам ашулы және агрессивті болады. Ішімдікті ішу себебін табуға тырысады, сылтау іздейді, жанындағы адамдарға ішімдік ішуді ұсынады. Ішімдікке әуестік мастықтың кері салдарынан (бас ауруы, қан қысымының жоғарылауы, лоқсу, құсу, бас жазу синдромы) басым болып кетеді.

    Маскүнемдіктің екінші кезеңінде ішімдікке төзімділік ұлғаяды. Мас болу үшін адамға бұрынғыдан да көп мөлшерде ішімдік ішу керек. Психикалық және физикалық тәуелділік дамиды. Ішімдік ішуді тоқтатқан кезде абстинентті синдром байқалады. Маскүнемдікті кенет тоқтату психозға («маскүнем елесі») әкелуі мүмкін. Науқас ішімдік ішу үшін себеп іздеуге тырыспайды. Ішімдік ішкенге дейін оның көңіл-күйі нашар, ашушаң болуы мүмкін. Бірақ ішімдік ішіп алған соң көңілі жайланады. Ішімдік ішпеуге шын көңілмен уәде береді, кез келген уақытта тоқтата алатынына сенімді болады.

    Үшінші кезең ішімдіктің қажетті мөлшерінің азаюымен сипатталады. Маскүнемге мас болу үшін бір рөмке жеткілікті. Науқас әлеуметтік кейпін жоғалтады, сырт келбетіне, жұмысына, туысқандық қатынастарға мән бермейді. Ішуге деген құмарлық шыдамсыз болады. Егер мастық медициналық көмексіз тоқталатын болса, көп жағдайда психоз дамиды. Интеллектуалды қабілет төмендейді, сөйлеу анық емес, мағынасыз болады. Ішкі ағзалардың зақымдалу, ағзаның әлсіреу белгілері байқалады. Бұл кезеңде емделу өте сирек жағдай болып табылады.

    Алғашқы көмек

    Маскүнемдікті алғашқы кезеңде тоқтатуға жақын адамдармен сенімді, жылы қатынастар көмектеседі. Жоғарыда айтылған клиникалық белгілерді байқағанда науқасты нарколог дәрігеріне қаралуға көндіру керек. Маскүнемдік – созылмалы, негізінен емделмейтін, ем жүргізілмесе өлімге әкелетін ауру.  Ресей статистикасы бойынша 15 - 54 жас аралығындағы ер адамдар өлімінің жартысы қалай болғанда да ішімдікті қабылдауымен  байланысты.

    Ауыр жағдайда (көп күндік ішімдікке салыну, ағзаның әлсіреуі, алкогольді психоз) алғашқы көмек тек ауруханада көрсетіледі. Міндетті түрде арнайы (психиатриялық) жедел жәрдем бригадасын шақыру қажет. Науқастың агрессиялық жағдайында, сандырақ, галлюцинация кезінде ауруханаға өздігінен апару өте қауіпті болады.   

    Емі

    Тәуелділіктің басқа да түрлерінің еміне ұқсас кешендік ем тиімді әсер көрсетеді. Оған келесі ем түрі кіреді:   

    • дезинтоксикация (ағзадан уды шығару);
    • медикаментозды ем (ішімдікпен үйлестіргенде кері әсерін беретін дәрі-дәрмектерді енгізу); бұл ем «ішімдік ішсең -өлесің» деген қорқынышты қалыптастыруға негізделген;
    • психологиялық және әлеуметтік оңалту (ішімдіксіз өмір сүруге болатынына сенімді қалыптастыру, еңбекке, отбасына оралу);
    • қайталамалардың алдын алу.

    Маскүнемдіктен кодтаудың бірнеше түрі ажыратылады. Инъекция, «тігу» және дәрілерден басқа кодтау мақсатында психотерапия, гипноз, лазермен, электр тоғымен, жоғары температурамен әсер ету қолданылады.

    Асқынулары

    Маскүнемдік науқастың өліміне әкелетін барлық ағзалар мен жүйелердің ауыр зақымдануын шақырады. Осындай маңызды ақпаратты ішімдікке әуестеніп жүрген, маскүнемдік - барлық адамдарға тән қарапайым дағды  деп есептейтін адамға жеткізу керек.

    Ішімдікке тәуелділік кезіндегі аурулар:

    • бауыр циррозы (әйелдерде жылдам дамиды)
    • алкогольдік энцефалопатия (бас миы қызметінің тежелуі)
    • деменция (ақыл-ой кемістігі)
    • гастрит, асқазан жарасы, асқазанның қатерлі ісігі
    • өңештің қатерлі ісігі
    • тік ішектің қатерлі ісігі
    • анемия
    • аритмия мен кардиомиопатия (жүрек бұлшықетінің әлсізденуі)
    • панкреатит
    • атеросклероз
    • алкогольдік полинейропатия (жүйке жүйесінің патологиясы)
    • миға қан құйылу
    • импотенция, аталық безінің атрофиясы; әйелдерде — бедеулік, ұрық кемтарлығы.

    Себептері

    Ішімдікке тәуелділік әр түрлі факторлардың әсерінен қалыптасады. Олар:

    • тұқымқуалаушылық
    • қоршаған ортаның әсері, қоғамдағы маскүнемдікке шыдамдылық, отбасында, ұжымда, достардың арасында ішімдікті ішуді қолдау
    • генетикалық шартталған бейімділік (ішімдікке жеңіл көндігу қабілеті)
    • ауыр өмірлік жағдайлар
    • қажырсыздық, жауапсыздық

    Алкогольдік тәуелділікті емдеу бойынша мамандандырылатын дәрігерлерНаркологтарПсихиатрларПсихотерапевттер

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен наркологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.