16 желтоқсан - мереке күні. Call-орталық жұмыс істемейді
  • Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Бронхиалды демікпе (Бронхиальная астма қазақша)

    Бронхиялық астма (БА) – төменгі тыныс алу жолдарының созылмалы қабынуы тән, кез келген уақытта және әр түрлі жағдайда туындайтын тұншығудың жедел ұстамаларымен көрінетін ауру. БДҰ-ның 2011 жылға жасаған есептеуіне сүйенсек, әлем бойынша 235 млн. ересектер мен балалар демікпемен ауырады және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

    Бронхиалды демікпе – тұншығудың жедел ұстамаларымен сипатталатын  төменгі тыныс алу жолдарының созылмалы қабынуы. Бронхиалды демікпе балалардың созылмалы ауруларының кең тараған түрі болып табылады. 

    ЖІКТЕЛУІ

    Демікпенің 3 түрін ажыратады – аллергиялық (экзогенді), аллергиялық емес (эндогенді) және аралас.

    СЕБЕПТЕРІ

    Бронхиалды демікпенің даму себептері экзогенді және эндогенді факторлар болуы мүмкін.

    Эндогенді факторларға жатады:

    • Генетикалық бейімділік;
    • Аллергиялық серпілістер;
    • Бронхтардың гиперреактивтілігі.

    Экзогенді факторларға жатады:

    • Табиғаты әр түрлі аллергендермен жанасу (мысалы, үйдегі шаң-тозаң, жүн, ашытқы және зең саңырауқұлақтарының аллергендері, бояулар/лак, цитрустар, антибиотиктер және т.б.);
    • Триггерлердің (арандатушы факторлар) әсері. Мысалы, жұқпалы аурулар, ауа ластағыштары, темекі түтіні (белсенді және енжар темекі шегу кезінде), салқын ауа, физикалық жүктеме, β-адреноблокаторларды қабылдау, басқа ағзалардың қосымша аурулары.

    КЛИНИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ

    Аурудың түрі мен ауырлық дәрежесіне байланысты клиникалық белгілері ерекшеленуі мүмкін.

    Жалпы белгілері:

    • Кеудедегі ауырлық сезімі;
    • Тұншығу ұстамалары;
    • Жөтел ұстамалары;
    • Ысқырықты тыныс пен сырылдар;
    • Эпизодтық экспираторлық ентігу (науқаста тыныс шығаруы қиындаған жағдай).

    Бұл симптомдар кез келген уақытта көрінуі мүмкін. Бірақ жиі түнде немесе таң сәріде күшейеді.

    Тұншығудың ауыр ұстамасы демікпелік статус деп аталады. Мұндай ұстама кезінде науқас ерекше қалыпта болады: алдыға қарай еңкейіп, қолдарымен тізесіне немесе үстелдің қырына сүйеніп отырады. Осындай жағдай жедел дәрігерлік көмекті талап етеді.

    ДИАГНОСТИКАСЫ

    • Науқасты жалпы қарау;
    • Өкпе перкуссиясы – өкпені саусақпен қағып тыңдау;
    • Өкпе аускультациясы – фонендоскоп арқылы өкпені тыңдау;
    • Аллергендермен терілік сынама жасау арқылы аллергологиялық статусты бағалау;
    • Зертханалық талдаулар (қақырық микроскопиясы, қан талдауы).
    • Пикфлоуметрия – пикфлоуметр құралының көмегімен науқастың ауаны шығару жылдамдығына негізделген диагностикалық әдіс;
    • Спирометрия – спирометр деп аталатын арнайы құрал көмегімен дем алатын/дем шығаратын ауа көлемі мен дем алу/дем шығару жылдамдығына негізделген сыртқы тыныс алу қызметін анықтау;
    • Кеуде қуысын рентгенологиялық зерттеу;
    • Бронхоскопия – бронхофиброскоп немесе қатты бронхоскоп арқылы трахея мен бронхиалды ағаштың шырышты қабатын эндоскопиялық зерттеу.

    ЕМІ

    Қазіргі уақытта бронхиалды демікпе айықпайтын ауру болып есептеледі. Барлық емдік және алдын алу шаралары науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту мен дұрыс тіршілік етуіне бағытталған.

    Емдік және алдын алу шаралар кешеніне кіреді: науқасты ауру ағымын өз бетімен қадағалауға үйрету, аллергендер мен арандатушы факторлардан науқасты оқшаулау,  фармакотерапия. 

    АСҚЫНУЛАРЫ

    • демікпелік статус,
    • тыныс алу жеткіліксіздігі,
    • кенет пневмоторакс,
    • өкпенің гиперинфляциясы,
    • артериалды гипертензия,
    • ми гипоксиясы және т.б.

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен аллерголог-пульмонологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.