16 желтоқсан - мереке күні. Call-орталық жұмыс істемейді
  • Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2024
  • Коронавирус (COVID-19) туралы не білу қажет: жиі қойылатын сұрақтар

    Что нужно знать о коронавирусе: часто задаваемые вопросы

    Covid-19 індетінің таралуын бақылай отыра, көптеген сарапшылар әлем тұрғындарының басым көпшілігі ерте ме, кеш пе коронавирусты жұқтырады деп есептейді. Бұл жұқпа кәдімгі тұмау сияқты маусымдық болып қалуы мүмкін. Егер жұқтыру мәселесі тек уақыт еншісінде болса, онда одан қашып құтылудың жолдарын ойластырмай, керісінше оған қалай дайындалу керек екенін ойлау қажет. Жауыңның кім екенін білу маңызды.

    Барлығынан хабардар болыңыз.

    Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.

    Вирус сипаттамасы қандай?

    Вирус - қорғаныш нәруыздық қабығына оратылған генетикалық кодтың кішкентай үзіндісі. Оның бөлшектері соншалықты кішкентай болғандықтан, оны қарапайым микроскоппен көру мүмкін емес. Жаңа коронавирустың 100 млн көшірмесі иненің ұшына оңай орналасады. Вирустың кішкентай мөлшері одан қорғану қиыншылығының бірден-бір себепшісі болып табылады. Жөтел кезінде инфицирленген науқастан майда тамшылар жан-жаққа тарайды, олардың әр тамшысында миллиардтаған вирус бөлшектері болуы мүмкін. Вирус жасушаға енген соң оны қалыпты нәруыздардың орнына өз көшірмесін өндіруге мәжбүрлейді. Осылай жұқтыру үрдісі жүзеге асады.

    COVID-19 негізгі клиникалық белгілері қандай?

    COVID-19-дың ең жиі тараған белгілеріне дене қызуының жоғарылауы, құрғақ жөтел және шаршағыштық жатады. Сирек белгілеріне буын мен бұлшықеттердегі ауру сезімі, мұрынның бітуі, бас ауруы, конъюнктивит, тамақтың ауруы, диарея, иіс және дәм сезудің жоғалуы, саусақтар мен бармақтар терісінің түсінің өзгеруі мен бөртпелерді жатқызуға болады. Бұл белгілер біртіндеп дамиды және айқын болмайды. Кейбір инфицирленген адамдарда ауру жеңіл клиникалық белгілермен өтеді. Науқастардың басым көпшілігі (80% жуығы) ауруханаға жатқызудың қажеттілігінсіз кенеттен жазылып кетеді. Бес жағдайдың бірінде COVID-19 ауруы ауыр түрде, яғни тыныс алу жеткіліксіздігінің дамуымен өтеді. Егде жастағы адамдарда және жоғары артериалдық қан қысымы, өкпе мен жүректің аурулары, қант диабеті, рак сияқты қосалқы аурулары бар адамдарда аурудың ауыр түрде өту мүмкіндігі өте жоғары. Бірақ COVID-19-ды кез келген адам жұқтыруы және ауыр түрде науқастануы мүмкін.

    Егер менде COVID-19 белгілері болса не істеуім қажет және қай уақытта медициналық көмекке жүгінуім керек?

    Егер сізде жеңіл жөтел немесе дене қызуының сәл жоғарылауы сияқты белгілер болса, онда медициналық көмек қажет емес. Үйіңізде өздігінен оқшауланып, белгілердің дамуын бақылаңыз. Егер ентігу немесе кеуде аймағында ауру сезімі сияқты белгілер анықталса, онда тез арада медициналық көмекке жүгіну керек. Дәрігерге телефон арқылы хабарласқан жөн, бұл оның сізді мамандандырылған емдеу мекемесіне жіберуіне мүмкіндік береді.

    Вирусты жұқтырған не жұқтырмағаны белгісіз болған жағдайда өзіңді қалай қорғау керек?

    Өзіңді және айналадағы адамдарды қорғаудың ең жақсы тәсілі – қолдың гигиенасы мен респираторлық гигиенаны қатаң түрде сақтау. Айналадағы адамдармен мүмкіндігінше кемінде 1 метр қашықтықты сақтау қажет. Жақын маңда жөтеліп немесе түшкіріп тұрған адам болған жағдайда бұл шараны сақтау өте маңызды болып табылады. Кейбір инфицирленген адамдарда ауру белгілері болмағандықтан немесе ауру жеңіл түрде өткендіктен барлық адамдармен физикалық ара-қашықтықты сақтау COVID-19 тараған аймақтарда болатын адамдарға ең дұрыс шешім болып есептеледі.

    «Өздігінен оқшаулану» (самоизоляция) деген не?

    Өздігінен оқшаулану – COVID-19 клиникалық белгілері бар адамдардың айналадағы адамдарды, соның ішінде жақындарын жұқтырмау мақсатында өз еркімен қабылдаған маңызды алдын алу шарасы. Өздігінен оқшаулану кезінде COVID-19-дың жоғары дене қызуы, жөтел және басқа да белгілері бар адам үйінде қалады, жұмысқа, оқуға немесе қоғамдық орындарға бармайды. Бұл өз еркімен немесе дәрігердің ұсынысымен жасалады. Келесі іс-әрекеттер тәртібін ұстану қажет:

    • Аурудың жеңіл түрі бар адамдар өздігінен оқшаулану керек (медициналық көмек көрсету керек емес)
    • Жақсы желдетілетін, кең, санитарлық торабы бар бір бөлмеде қолды гигиеналық өңдеуге қажетті заттармен қалған жөн.
    • Егер жеке бөлме болмаса, онда төсектерді 1 метр ара-қашықтықта қою керек.
    • Айналадағы адамдармен, тіпті отбасы мүшелерімен 1 метр арақашықтықты сақтаңыз.
    • Күнделікті клиникалық белгілердің дамуын бақылаңыз.
    • 14 күндік өздігінен оқшаулану ауру белгілері болмаған жағдайда да қажет.
    • Егер ентігу сияқты белгі пайда болса, онда міндетті түрде тез арада мүмкіндігінше телефон арқылы дәрігер көмегіне жүгіну қажет.
    • Жақсы көңіл-күй мен сергектікті сақтауға тырысыңыз: жақын адамдарыңызбен телефон немесе интернет желісі арқылы байланыста болыңыз және үйде дене шынықтырумен айналысыңыз.

    «Өзіндік карантин» (самокарантин) деген не?

    Өзіндік карантин – COVID-19-ды жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған адамның клиникалық белгілер болмаса да оқшаулануы. Өзіндік карантин барысында денсаулығыңыздың жағдайы мен клиникалық белгілерді өз бетінше бақылауыңыз қажет. Өзіндік карантиннің мақсаты - жұқпаның одан әрі таралуының алдын алу. COVID-19-ды жұқтырғандар ең алғашқы күннен бастап басқа адамдарды жұқтыруы мүмкін болғандықтан, өзіндік карантин жұқпаның ары қарай таралуына жол бермеуі ықтимал. Өзіндік карантин кезіндегі іс-әрекеттер тәртібі өзіндік оқшаулану кезіндегі тәртіппен бірдей (жоғарыда жазылғанға қара).

    Өздігінен оқшаулану, өзіндік карантин және әлеуметтік арақашықтықты сақтау арасындағы айырмашылық неде?

    Карантин COVID-19-ды жұқтырғандармен қарым-қатынаста болуы мүмкін, бірақ ешқандай клиникалық белгілері жоқ адамдарды физикалық оқшаулау немесе қызметін шектеу дегенді білдіреді. Бұл шараның басты мақсаты – адамдарда жаңадан алғашқы клиникалық белгілері пайда бола бастаған уақытта ерте кезеңде аурудың таралуын алдын алу

    Оқшаулану ауру таралуының алдын алу мақсатында COVID-19-дың клиникалық белгілері бар науқастардың қарым-қатынасын шектеу.

    Әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау айналадағы адамдармен қауіпсіз қашықтықтықты сақтау деген мағынаны білдіреді. БҰҰ айналадағы адамдармен 1 метр ара-қашықтықты сақтауды ұсынады. Бұл ережені ауру белгілері бар/жоқ немесе COVID-19-ды жұқтырған науқастармен қарымқатынаста болған адамдардың барлығы сақтау қажет.

    COVID-19-ды балалар немесе жасөспірімдер жұқтыруы мүмкін бе?

    Ғылыми мәліметтерде балалар мен жасөспірімдердің басқа да жас категорияларымен бірдей дәрежеде ауруды жұқтыру қаупі бар және олар жұқпаның ары қарай тарауының себепшісі болуы мүмкін екендігі көрсетілген. COVID-19 құрбандарының ішінде балалар, жасөспірімдер, қосымша аурулары жоқ жастар да бар. Балалар мен ересектер науқас адамдармен қарым-қатынаста болса немесе ауру белгілері анықталса өздігінен оқшаулану және өзіндік карантин бойынша ұсынымдарды қолдану керек. Әсіресе балалардың егде жастағы, сонымен қатар аурудың ауыр ағымда өту қаупі бар адамдармен қатынасын болдырмау қажет.

    COVID-19-ды жұқтыру мен клиникалық белгілердің пайда болуы арасында қанша уақыт өтеді?

    COVID-19-ды жұқтырған уақыттан бастап, клиникалық белгілердің пайда болуы арасындағы кезеңнің ұзақтығы 5-6 күн, бірақ 1 күннен 14 күнге дейінгі аралықта болуы ықтимал.

    Вирус заттардың бетінде қаншалықты ұзақ сақталады?

    Тұрмыстық дезинфекциялаушы заттармен көптеген заттардың бетін өңдегенде вирус толығымен жойылатыны туралы біз білуіміз керек. Зерттеу мәліметтері бойынша COVID-19 вирусы пластмасса мен тот баспайтын болат бетінде 72 сағат, мыста 4 сағаттан кем және картон бетінде 24 сағаттан кем тіршілік етеді.

    Дүкенге барғанда қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет?

    Дүкенде айналаңыздағы адамдармен 1 метр ара-қашықтықты сақтаңыз және қолыңызбен көзіңізді, ауыз және мұрныңызды ұстамаңыз. Мүмкіндігінше азық-түлік себетінің немесе арбаның тұтқасын қолданар алдында антисептикпен өңдеңіз. Дүкеннен келген соң және азық-түліктерді сұрыптаған соң қолыңызды мұқият жуыңыз. Қазіргі таңда COVID-19-ды азық-түліктер немесе олардың қаптамасы арқылы жұқтыру жағдайлары тіркелмеген.

    COVID-19-ды азық-түліктер арқылы жұқтыруға болады ма?

    Қазіргі уақытта COVID-19-ды азық-түліктер немесе олардың қаптамасы арқылы жұқтыру туралы ешқандай дәлел жоқ. COVID-19 респираторлық ауру және оның таралу жолы адамнан адамға, инфицирленген адам түшкірген немесе жөтелген кезде бөлінетін тамшылармен тікелей қатынас арқылы жүзеге асады. Коронавирустар тағамдарда көбейе алмайды. Олардың көбеюі үшін тірі жануар немесе адам қажет. Жемістер мен көкөністерді ағынды сумен жуу жеткілікті. Азық-түліктердің қаптамасына қажетті материалдарды дезинфекциялау қажет емес, бірақ қаптамаларды ұстаған соң және тамақтану алдында қолды тиісінше жуу міндетті. Күнделікті тұрмыстық жуу және дезинфекциялаушы заттар үйдің бетіндегі вирустарды тиімді жояды. Үй шаруашылығын тазалау және дезинфекциялау үшін 0,05% натрий гипохлориді (NaClO) мен этанол (70%-дан кем емес) негізіндегі өнімдер сияқты беткейлік вирулицидтік дезинфекциялаушы заттарды пайдалану керек.

     

    Мүмкін сізге COVID-19 жайлы мақалалар пайдалы болар: 

    ЖАҢА КОРОНАВИРУС ДЕГЕН НЕ? ҚАНШАЛЫҚТЫ ОЛ ҚАУІПТІ 

    КОРОНАВИРУСТЫҢ ТОП-5 САЛДАРЫ: НЕ СЕБЕПТІ АУЫРМАҒАН ДҰРЫС

    КОВИДТІ ҚАЛАЙ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ?