1 наурыз - Дүниежүзілік Иммунитет Күні. Ағзамыздың ең күрделі жүйесі "өзінікін" "өзгеден" қалай ажырата алады?
КЕАҚ "С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ" жалпы иммунология кафедрасының ассистенті, медицина ғылымдарының магистрі Арайлым Абильбаева арнайы Иммунитет Күніне орай антиденелер мен олардың маңызы туралы айтып берді.
Адамдар өркениеттің ең бастапқы кезеңінен бастап әр түрлі аурулармен күресіп келеді және оның соңына дейін де күресетіні анық. Әр жүзжылдықта өзіндік медициналық революция болған. Бірақ өткен ғасыр ерекше есте қалады. Біздің өміріміздің әр секундында денсаулығымызды сақтап тұратын ең күрделі биологиялық механизмдерді аштық. Жалпылама иммунды жүйе деп аталатын осы механизмдердің ашылуы адам денсаулығына теңдессіз оң әсер етті. Жұқпалы аурулардың табиғатын түсіну, антибиотиктердің ашылуы және екпе егу науқаны миллиондаған адам өмірін сақтап қалды. Бұл тек бастамасы болып табылады.
Иммунды жүйе бізді қалай қорғайды? Бұл - біздің ағзамыздың ең күрделі жүйесі. Ол «өзінікі» мен «өзгені» ажырата алады және арнайылылығы әр түрлі жүз миллион антиденелер мен Т-лимфоциттердің триллионнан аса әр түрлі рецепторларын өндіре алу қабілетіне ие. Иммунды жүйесі бір-бірімен тығыз байланысты параллель әсер көрсететін гуморальды және жасушалық иммунды жауаптан тұрады. Бұл мақалада біз гуморальды иммунды жауапты қамтамасыз ететін антиденелер туралы сөз қозғаймыз.
Барлығынан хабардар болыңыз. Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.
Антиденелер дегеніміз не?
Біздің ағзамызда бөгде заттарды іздейтін және жоятын мамандандырылған әскер бар. Антиденелер осы күресте шешуші фигура болып есептеледі.
Олар - вирус, бактерия, саңырауқұлақтар немесе паразиттер сияқты бөгде агенттермен кілт пен құлып тәрізді байланысатын арнайы нәруыз.
Антиденелер өз нысандарын тауып, олармен байланысқан кезде патогенді жеңетін әсерлер каскады іске қосылады. Антиденелер белгілі бір микробтарды танитын және жоятын жүре пайда болған (адаптивті) иммунды жүйенің бөлігі болып табылады.
Антиденелердің көрінісі қандай?
Антиденелердің Y-тәрізді формасының жоғарғы бөлігінің екі иығы антиген деп аталатын бөгде затпен байланысады. Антиген вирус немесе бактерияның бір бөлігі – молекуласы немесе молекулярлық фрагменті болуы мүмкін. Мысалы, SARS-CoV-2 жаңа коронавирустың сыртқы қабығында ерекше «тікені» бар. Кейбір антиденелер осындай тікенекті нәруыздармен байланысады және тани алады.
Y төменгі бөлігі немесе аяғы антигенді жоюға көмектесетін және иммунитетті басқа да жолдармен іске қосатын иммунды жүйенің өзге қосылыстарымен байланысады.
Антиденелер қалай жұмыс істейді?
Иммуноглобулин деп аталатын антиденелердің 5 классы ажыратылады: IgG, IgM, IgA, IgD мен IgE. Антидененің әр класының атқаратын қызметі бар. Олар жүре пайда болған иммунитеттің В-лимфоциттерімен өндіріледі.
Антиденелер патогенмен байланысқан кезде бірдей жұмыс атқармайды. Кейбір антиденелер микробтарды бейтараптайды, осылайша олардың жасушаға енуіне жол бермейді. Басқалары бөгде затты иммунды жүйенің киллер-жасушалары өлтіру үшін белгілеп кетеді. Ал қалғандары вирус немесе бактерияларды жабысқақ үлбірмен орап алады.
Вируспен кездескеннен кейін 7-10 күн ішінде ең алғаш IgM түзіледі. Шамамен 10-14 күннен кейін адам ағзасы IgG синтездей бастайды. Бұл антидене иммунды жүйенің ең негізгі түрі болып табылады. Сондықтан әр түрлі жұқпалы аурулардың диагностикасы кезінде алғашқы аптасында антиденелердің жоғары концентрациясын анықтау мүмкін емес. Өйткені антиденелердің түзілуі үшін біршама уақыт керек.
Жоғарыда айтылып кеткендей антиденелер – бұл нәруыз. Барлық нәруыздар сияқты олар табиғи жолмен ыдырайды және бірнеше айдың ішінде ағзадан шығып кетеді. Бірақ бұл ретте айта кететін жайт бар. Кейбір В-лимфоциттер жады жасушаларына айналады. Олар өз кезегінде болашақта ағзаға сол бөгде зат қайта түскен кезде жедел имунды жауап қайтара алады. Жады жасушалары адам ағзасында өмір бойы қалуы мүмкін. Осылайша олар сәйкес антигенге антиденелерді өндіре отырып, өмірлік иммунитетті қалыптастырады.
Вакцинация кезінде не болады?
Бұдан басқа вакцинаны қолдану арқылы біз ағзамызды белгілі бір антигеннің әсеріне ұшыратамыз. Осылайша ауруды туғызбай-ақ иммунды жүйені ынталандырамыз. Вакцинаға қарсы қайтарылатын алғашқы жауап патогенмен алғашқы кездесуде анықталатын біріншілік иммунды жауапқа ұқсас болады. Тек бұл жауап баяу және шектелген болады. Вакцинаның қалған мөлшері бұл жауапты одан әрі ынталандырады. Бұл ұзақ тіршілік ететін антиденелердің және жады жасушаларының түзілуіне әкеледі.
Вакцинаның мақсаты – адам ауру шақыратын патогеннің әсеріне ұшырағанда оның иммунды жүйесі тез және жоғары белсенділікпен жауап қайтара алуы үшін адам ағзасын дайындау. Осылайша бұл патоген ауру шақырғанға дейін жойылады және аурудың басқаларға таралуына жол берілмейді.