Ковидтік жылда қазақстандықтардың «жан дүниені емдеушілерге» қаралуы күрт артып кетті. Психолог пен психотерапевттер науқастардың екі есе артқанын айтып отыр.
Бұл таңғаларлық жайт емес. Сіз коронавирустық жұқпамен аурымасаңыз да (бұл аурудың өзі адамның психикасына терең із қалдырады), ай сайын ауыр күйзелісті басыңыздан өткіздіңіз. Жұмыстан айырылу, ақшаның жеткіліксіздігі, жабық кеңістікте ұзақ уақыт болу, келешектің айқын болмауы, сырқаттанып қалудан қорқу, жақындарыңыздың денсаулығы мен өміріне алаңдаушылық - барлығын атап өту мүмкін емес. Бұған қоса бітпейтін проблемалар, атап айтсақ, ажырасу, жақыныңнан айырылу, отбасы мен жұмыстағы жанжал және т.б. ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Осындай қиындықтар кезінде адамға көмек керек, әсіресе кәсіби маманның көмегі керек.
Біздің қолданушыларымызға қай маман тез, тиімді әрі артық шығынсыз барлық мәселелерді шеше алатынын анықтауда көмектесу үшін біз психолог, психотерапевт және психиатрдың қандай айырмашылығы бар екені туралы қысқаша түсініктеме береміз.
Барлығынан хабардар болыңыз. Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.
Психолог
Психолог — адам мен адамдар тобының психикасын және психикалық қызметін зерттеумен айналысатын, сонымен қатар психологиялық көмек пен қолдау көрсететін маман. Психолог өз жұмысында әр түрлі әдістерді қолданады, бірақ олардың барлығы психологиялық әдістер болып табылады. Ешқандай дәрілер пайдаланылмайды. Дәрігердің көмегін қажет етпейтін дені сау адамдарға психолог эмоционалдық, жеке және әлеуметтік мәселелерді жеңуге көмектеседі. Психолог жұмысының мәні – адамның проблемаларының себептеріне көзін ашу, оларды шешу алгоритмін жасау және қолайлы нәтижеге жету жолында қолдау.
Психолог дайын рецепт бермейді (бұл кәсіби маманның шарлатаннан айырмашылығы болып табылады. Шарлатан бірден «Сіз ажырасуыңыз керек!» немесе «Гардеробты тез ауыстырыңыз!» деп айтуы мүмкін). Ол өзінің клиентін дұрыс шешімді өзі қабылдауға мүмкіндік береді. Сол себепті психологиялық көмек ауыр тиюі мүмкін. Өйткені кез келген адам өз қателігін түсініп, оны мойындай бермейді немесе берік, мықты қарым-қатынасты үзе алмайды.
Өкінішке орай, Қазақстанда психологқа қаралу мәдениеті әлі дамымаған. Көптеген адамдар мұны әлсіздік деп есептейді. Олар миларындағы проблемаларды қазбалайды деп қорқады, өз мәселелерінен ұялады, күлкілі болып көрінеді деп ойлайды, психологтарға сенбейді. Шынында психолог өз клиентін қолдайды, оның мүддесін қорғайды. Сонымен қатар олар жоғарғы оқу орнында білім алған кезде (айтпақшы, психологтың жоғары білімі болуы қажет) адамдар туралы басқалар білмейтін көп ақпарат алады.
Егер сіздің көңіл-күйіңіз үнемі жабырқаулы болса, сіздің ішкі жан-дүниеңіз ауырса, абыржып жүрсеңіз, өз күшіңізге сеніміңіз болмаса, жақындарыңызбен қалай тіл табысуды білмесеңіз, қиын шешімді қабылдай алмасаңыз, онда міндетті түрде тұрмыстық психолог деп аталатын досыңыз/құрбыңызға, жұбайыңызға, ата-анаңызға, көршіңізге, мұғаліміңізге немесе жаттықтырушыңызға және т.б. баруға болады. Бірақ осы аталған адамдардың сізге беретін ең жақсы кеңесі - кәсіби психологқа қаралу.
Психотерапевт
Психотерапевт – бұл біріншіден дәрігер, жиі психиатр болып табылады. Психотерапевт психолог сияқты сізге эмоционалды немесе жеке мәселелерді шешуге көмектеседі. Бірақ оның көмегі осымен шектеліп қоймайды. Психотерапевтке невроздар, үрейлік шабуылдар, ашу ұстамасы, үрей және қазіргі уақытта ең «танымал» депрессия және тәуелділік сияқты өте ауыр бұзылыстармен барады. Психотерапевттің психиатрдан айырмашылығы неде? Пациенттің шынайы өмірмен байланысты жоғалтпайтын және өзін бақылай алатын бұзылыстарын емдеумен айналысуға психотерапевттің құқығы бар.
Психотерапевттің құралы — психологиялық әдістермен әсер ету (әңгімелесу, тестілеу, бақылау, сауалнама және т.б.) және дәрілік препараттар. Егер психотерапевт пациенттің жағдайы психикалық (эмоционалдық емес) бұзылысқа тән екенін байқаса, міндетті түрде оны психиатрға жолдауы керек. Бұл жағдайда да «жергілікті менталитет» мәселесі туындайды. Егер адам психотерапевтке барса, онда оған «жынды» немесе «әлсіз» деген таңба қойылады, ал «психиатр» деген сөз мүлде қорқынышты естіледі.
ТМД елдерінде медициналық білімі жоқ маман да психотерапевт бола алатынын атап өткен жөн. Бұлар базалық психологиялық білім алған психологтар болып табылады. Олар психотерапияның түрлері, мысалы психоанализ немесе гештальт-терапия бойынша айтарлықтай маңызды қосымша білім алған. Олар адамның психикасына әсер ететін терең психологиялық әдістерді меңгерген. Бірақ дәрілік препараттарды тағайындауға құқығы жоқ. Мұндай мамандардың сауалнамасында «Психолог, Психотерапевт» деп қатар көрсетіледі.
Маманды таңдау кезінде жоғары білімнің болуына (медициналық па, әлде психология саласында) басты назар аударуды ұсынамыз. Сонымен қатар психология саласында қосымша білімнің болуына, оның ұзақтығына да көңіл бөлу керек. Тәжірибенің сағат саны өте маңызды.
Психиатр
Психиатр – психикалық бұзылыстардың диагностикасы, алдын алу мен емін зерттеумен айналысатын дәрігер. Психикалық бұзылыс — психикалық денсаулықтың бұзылысы. Ал психикалық денсаулық — «адамның өз потенциалын жүзеге асыра алатын, жай өмірлік күйзелісті жеңе білетін, еселі еңбектенетін, сонымен қатар өзінің қоғамына үлесін қоса алатын қолайлылық жағдайы» (БДҰ анықтамасы). Іс жүзінде психиатрлар анда-санда немесе тұрақты түрде шынайы өмірмен байланысы үзілген және өзіне немесе жанындағы адамдарға зиянын тигізуі мүмкін науқастармен жұмыс жасайды.
Психикалық бұзылыстарға депрессия, биполярлық аффективті бұзылыс, шизофрения және психоздың басқа да түрлері, деменция, ақыл-ойдың кемістігі және дамудың бұзылыстары, аутизм жатады.
Пациенттерге көмектесу үшін психиатрлар антипсихотикалық препараттарды, яғни арнайы дәрілік заттарды қолданылады. Психикалық бұзылыстары бар науқастардың басым бөлігін мамандандырылған психиатриялық көмек азаптан құтқаруы мүмкін. БДҰ сарапшылары дұрыс ем мен әлеуметтік қолдау жағдайында науқастар тиімді өмір сүріп, қоғаммен біте қайнасу мүмкіндігін белгілеп отыр.
Мынаны түсінген өте маңызды. Адам тұмаумен ауырып қалуына немесе аяғын сындырып алуына кінәлі болмағандай, өзінің психикалық немесе психологиялық бұзылыстарының болуына да кінәлі емес. Иә, біреудің сүйегі қатты болып, ол сол жерде тек аяғын жаралап алуы мүмкін. Бірақ ол оның жетістігі емес, ол солай дүниеге келді. Егер сіздің көршіңізге екі рет ажырасудан кейін психолог немесе психотерапевт көмегі керек болмаса, бұл сіздің қиналып, уайымға салынуыңыз керектігін білдірмейді. «Тек әлсіздер ауруханаға барады» деп сіз сынған аяғыңызға гипс салмай жүрмейсіз ғой? Психологиялық көмек те осындай. Қарт әкеңізбен немесе жасөспірім қызыңызбен ұрсысуды тоқтату, жұмысыңызды ауыстыруға немесе көшіп кетуге бел буу, жұбайыңызбен қарым-қатынасыңызды түзеу қоршаған ортаның сіз туралы ойына қарағанда әлдеқайда маңызды екеніне сеніңіз.
Келесі мақала ковидтан кейінгі психологиялық мәселелерге арналады. Жаңалықтарымызды жіберіп алмаңыз!
Мүмкін сізге осы мақалалар пайдалы болар:
Паникалық (үрейлі) шабуыл деген не және оны қалай жеңуге болады?
«Ақыры мен өз дәрігерімді таптым!» қыркүйек айының үздік дәрігері
Беліңіз ауырады. Бұл омыртқааралық диск жарығы, остеохондроз әлде артрит пе?