• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • «Ақыры мен өз дәрігерімді таптым!»

    Ирина Федоровна Чулковаға дән риза науқастар оны қыркүйек айының үздік дәрігері деп таңдады.

    Балаларда үрей қайдан пайда болатыны, аутизмнің не екені, ЭЭГ не үшін қажет екені және психологиялық көмектің маңыздылығы туралы невропатолог-эпилептолог түсіндіреді.

    Ирина Федоровна Чулкова туралы науқастардың бірі былай дейді:

    «Жоғары білікті дәрігер, кәсіби маман. 2 жыл өз невропатологымды іздедім және ақыры оны таптым. Ол маған қатты көмектесті. Бас ауруларымның себебін анықтай алды. Қазір ем қабылдаудамын. Мен оған өз ризашылығымды білдіремін».

    Ирина Федоровна — психотерапия мен эпилептология саласында мамандандырылған невропатолог. Балаларға да, ересек адамдарға да көмек көрсетеді. Электроэнцефалографияны өзі жүргізеді, 1 жасқа дейінгі балалардың диспансерлік бақылауын жүзеге асырады.

    Сонымен қатар, Чулкова невроз, үрейлі шабуылдар және эмоционалдық салаға байланысты жіті жағдайлары бар науқастарға кеңес береді.

    Чулкова Ирина Фёдоровна
    26 лет стажа работы, Невропатолог, Психотерапевт, Эпилептолог
    5.0 Рейтинг
    148 отзывов
    26 лет стажа работы
    Для детей и взрослых
    Online консультация

    Ирина Федоровнаны лайықты марапатымен құттықтай келе, TopDoc.me қызметкерлері оған бірнеше сұрақтар қойды.

    - Ирина Федоровна, неге дәрігер мамандығын таңдадыңыз?

    - Болашақ мамандығымды жасөспірімдік шақта таңдап қойдым. Неге нақты дәрігер? Оның белгілі бір себебі болған емес, отбасымда ешкім сырқаттанбаған, ешкім дәрігер болмаған. Мүмкін, бұл маңдайыма жазылған тағдырым шығар. Бірінші жылы медициналық жоғары оқу орнына түсе алмадым. Дайындық курстарына қатысып жүрдім. Екінші жылы педиатрия факультетіне оқуға түстім. Оқу өте қызықты, ал оқытушылар өте керемет болды. Оларды әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын және ойша әрқашан алғысымды айтамын.

    Одан кейін балалар неврологиясы бойынша мамандандыру болды, содан соң мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығында жұмыс істедім. Көптеген сұрақтарға жауап беру үшін білімімнің аз екеніне көзім жетті. Мысалы, неге балаларда әр түрлі проблемалар қалыптасады, қандай қосымша зерттеулер көмектеседі, жетілу барысында бұзылыстар дамыған балаларды бақылаудағы әлемдік тәжірибе қызықты болды. Осы себептен оңалту, эпилептология, балалар психиатриясы бойынша мамандандырулардан өттім. Одан әрі менің қызығушылығым кеңейе берді. Ересектер неврологиясы мен психиатриясы бойынша қайта даярлаудан өттім. Менің барлық мамандықтарым, атап айтсам, балалар мен ересектер неврологиясы, эпилептология, психиатрия бір-бірімен тығыз байланысты және осы салалардағы алған білімім дұрыс диагноз қоюда маған көмектеседі.

    - Қазіргі уақытта ата-аналар кішкентай балаларда қобалжушылық пен қозғыштықты байқайды. Не себепті мұндай бұзылыстар пайда болады және қай кезде дәрігерге барған дұрыс? Сіз осыны өз біліміңіз бен тәжірибеңіз арқылы қалай түсіндіре аласыз?

    - Ешбір ата-ана баласын қобалжушылық үшін дәрігерге әкелмейді. Ешқайсысы бұл сөзді дәрігер қабылдауына келгенде айтпайды. Олар тырнақты кеміру, саусақты сору, жылауық, тиктердің болуы, иығын көтеру, қараңғыдан қорқу, жылап ояну сияқты шағымдармен келеді. Қарап тексергенде мен осының барлығы үрейдің, мазасыз күйден шығудың белгілері екенін байқаймын. Себептері әр түрлі болуы мүмкін. Генетикалық фактор, яғни беймаза ата-аналардан беймаза балалар дүниеге келуі мүмкін. Екінші түрі – белгілігі бір жағдайларға байланысты дамыған үрей, яғни бұл кезде балалар күйзеліске ұшырайды. Қалалық аналар балаларын басқа адамдармен тастап, жұмысқа ерте шығып кетеді. Мұның өзі - балаға үлкен күйзеліс. Негізінен анасы бала 3 жасқа толғанға дейін үйінде отырып, баланың қасында болуы қажет. Әйтпесе, барлық өзгерістер бала үшін тұрақты үрей көзі болып табылады, ал үрей одан әрі неврозға ауысуы мүмкін.

    Үрейлік бұзылыстар кезінде 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын дәрі-дәрмектердің тізімі шектелген. Балалық шақтағы үрейлік бұзылыстар психиатрия саласына жатады. Бірақ, өкінішке орай, адамдар психиатрларға соңғы кезекте, айқын бұзылыстар байқалғанда ғана барады. Барлығы ең алдымен неврологқа қаралады. Мұның өзі жаман емес. Мен балалар психиатриясы саласы бойынша мамандандырылған неврологқа қаралуды ұсынамын.

    Кейде ата-аналар балалардағы үрей белгілеріне ашуланады, өйткені олар оның табиғатын түсінбейді. Жағдайға байланысты дамыған үрейдің негізгі себебі – ата-аналарының ұрысуы. Олар баланың көзінше керіседі, балаға ешқандай көңіл бөлмейді. Алматыда өте жақсы балалар психологтары бар. Психолог көмегі – емдеудің негізгі тармағы. Тағы да қайталап өтемін, рұқсат етілген дәрі-дәрмектер санаулы. Мен дәрігер-невролог ретінде қозу және тежелу үрдістерін жақсартатын, оларды теңестіретін, балаға қиын жағдайды жеңіп шығуға көмектесетін препараттарды тағайындаймын. Бұл препараттардан қорқудың қажеті жоқ.

    - Егер балалық шақта ешқандай шара қолданбаса, жасөспірімдік кезеңде не күтуге болады?

    - Егер ата-аналар ешқандай шара қолданбаса, невроз жағдайы одан әрі ушығып, невротикалық тұлға қалыптасады. Мұның барлығы «эмоцияны ұстай алмауға» әкелуі мүмкін, яғни жасөспірім өз эмоциясын басқара алмайды. Ол «жауыз және агрессивті» болғандықтан емес, өз эмоциясын басқара алмағандықтан кейбір ескертулер үшін төбелес шығаруы мүмкін.

    Мен міндетті түрде психологпен сабақ өтуді ұсынамын. Қарапайым кеңес алу жарамайды. Иә, психологиялық көмек негізінен коммерциялық болып табылады, ақша төлеу керек, қымбат екенін де білемін, бірақ бұл өте маңызды. Бұл - сіздің балаларыңыздың алдындағы жауапкершілігіңіз. Оның психологиялық денсаулықта да көрініс бергені дұрыс. Сонымен қатар тұрмыстық психологтардың, атап айтсақ, спорт секцияларының жаттықтырушылары, қарапайым мейірімді адамдардың көмегіне жүгінуге болады. Баланы кішкентай жетістіктері үшін де мақтау керек. Бұл балаға жайлы орта қалыптастырады.

    Тәжірибемде мынадай жағдай болған. 13 жастағы қыз бала карантин кезінде толығымен интернет әлеміне, гаджеттерге беріліп кеткен. Ол таңғы 4-5-ке дейін ұйықтамаған, анасына агрессивті түрде жауап қайтаратын болған («эмоцияны басқара алмау» туралы айтып өттім). Оған ЭЭГ жасағанда терең невроз белгілерін көрдім. Түнімен компьютердің алдында отырғанына, сөз қайтарып, тілазар болғанына ол кінәлі емес. Осындай жағдайдан шығарып алу үшін мен оған дәрілік заттар тағайындадым. Невротикалық белгілер бұл қызда бұрыннан да байқалған, бірақ қашықтықтан оқытуға көшу және күн тәртібінің ауысуына байланысты оның жағдайын одан әрі терең неврозға дейін ушықтырып жіберген. Осындай жағдайда, әрине, ата-анасы баланы кінәлауы, ұрсуы мүмкін. Алайда олар түсіністік танытып, балаға көңіл бөлуі қажет.

    Өз тәжірибемнен байқағаным, ата-аналар өз балаларына көңіл бөле бермейді. Жасөспірім өз бөлмесіне кіріп, ол жерден таң атқанға дейін шықпағаны ата-аналарына өте ыңғайлы. Кейбір балалар ата-анасынан жылдар бойы жабылуы мүмкін, ал ата-аналарына мұның себебі еш қызықсыз болады. Ата-аналарға менің айтарым – балаларыңызға көңіл бөліңіздер! Әрине, балалардың жеке кеңістігін сыйлау керек, алайда олардың өмірінде не болып жатқаны туралы хабардар болу қажет. Біз, дәрігерлер, 18 жасқа толмаған балаларды жалғыз, ата-анасының қатысуынсыз қабылдай алмаймыз. Бірақ кейде ата-аналарының рұқсатымен баланы жеке қабылдаймыз. Сондай жағдайда жасөспірім маған, яғни бөтен адамға, өз жан-сырымен көбірек бөлісуі мүмкін. Бұл - баланың мүддесі үшін маңызды.

    - Кейде жасөспірімдерде үрей өздеріне қасақана зақым келтіруге дейін ауысуы мүмкін. Оның себебі неде?

    - Өздеріне зақым келтіру қыздарда жиі кездеседі. Олар иықтарына, білектеріне, сандарына тіліктер жасайды. Бұл жан ауруын физикалық аурумен басу әрекеті болып табылады. Олар анасына қаншалықты қиналып тұрғанын көрсеткісі келеді. Бірақ жиі ата-аналары оны байқамайды немесе болмашы жара деп ойлайды. Ұлдарда бәрі басқаша, оларда мұндай жағдай өз-өзіне қол жұмсау сипатында болады.

    - Сіздің тәжірибелік қызметіңіз барысында заманауи жасөспірімдер қалай өзгерді? Сіздің ойыңыз қандай?

    - Заманауи балалар – жақсы, ашық, қайырымды балалар. Тіпті керісіп, айқын түрде дөрекі жауап беретін балалардың өзі қарапайым жақсы балалар.

    - Қазіргі уақытта балалардың көпшілігіне «аутизм» диагнозы қойылып отыр. Бұл не? Кім көмек көрсету керек? Невролог немесе психиатр?

    - Негізінен аутизм психиатрия саласына жатады, бірақ көп жағдайда невропатологқа қаралады. Бірақ ата-аналар ең алғаш бала дәрігеріне барады. Өкінішке орай олар аутизмнің белгілерін біле бермейді, себебі баланың соматикалық жағдайына басты назар аударады.

    Бір жасқа дейін аутизм белгілері байқалмауы да мүмкін. 1 жасқа дейінгі бала онсыз да әлі сөйлемейді. Ұзақ уақыт өзімен-өзі ойыншықтарымен, гаджетпен ойнаған кезде кейбір эмоциялар болуы мүмкін, жеке сөздер айтады. Соған байланысты ата-аналарында ешқандай күдік туындамайды. Ал 1 жастан асқан кезде кері шегініс болады. Бала сөйлеу қабілетінен айырыла бастайды, көзбе-көз қарым-қатынас, эмоционалдық жылулық жоғалады.

    Аутизммен балалары бар ата-аналарға мойымауға шақырамын. Аутизм белсенді түрде зерттелуде. Дәрігерлердің неврологиялық және психиатриялық қауымдастығына білім балалары аутизммен сырқат ата-аналардан келді. Аутизмі бар баланың анасы Алия Архарова «Ашық Әлем» атты қоғамдық қор ұйымдастырған. Олардың белсенділігінің арқасында инклюзивті білім беру енгізіле бастады, аутизммен балаларға арнайы сынып құрылды. 2013 жылы Сорос Қоры есебінен бір топ дәрігерлер Бішкекте өткен үлкен конференцияға барды. Онда АВА-терапиясымен (мінез-құлықтық терапия) алғаш таныстық.

    - Балалар аутизмі жағдайының жиі кездесуінің себебі неде деп ойлайсыз? Неліктен осы уақытқа дейін бұл сұраққа қатысты дәрігерлердің бірмәнді ұстанымы жоқ?

    - Аутизм себептеріне қатысты неврологтар арасында да, психиатрлар арасында да өте көп ой-пікірлер бар. Мен маман ретінде өзім үшін аутизмнің табиғатын анықтаған жоқпын. Осы ауруда басты рөлді генетикалық фактор ойнайды деп есептеледі. Бұл аутизмі бар бір жұмыртқалы егіздердің дүниеге келуімен расталады. Сонымен бірге аутизмнің дамуына екпенің әсері туралы да көптеген нұсқалар болған. Бірақ аутизммен екпе алғандар мен екпе алмаған балалар 50/50 қатынасындай келеді. Мен дәрігер ретінде екпенің бұған еш қатысы жоқ деп мәлімдеймін. Қоршаған ортаның, пестицидтердің, ластанған азық-түліктердің зиянды әсері туралы да теориялар болған. Бірақ қазір бұл нақты соған байланысты деп айтуға болмайды.

    - Қазақстанда эпилепсияның диагностикасы мен емі бойынша қандай жаңалықтар бар?

    - ҚР-да эпилепсия туралы жаңа сапалы көзқарасты менің курстасым, дәрігер-невролог Савинов Сергей Викторович енгізді. Оның баласы эпилепсиямен ауырады. Эпилепсия – бас миының созылмалы ауруы. Менен бұл ауру емделеді ме деп сұрағанда, мен ешкімді алдамаймын. Эпилепсия емделмейді. Бірақ дәрілердің көмегімен өмірдің соңына дейін ремиссияға қол жеткізуге болады. Жаңа, тиімді эпилепсияға қарсы препараттар шығарылуда. Иә, олардың жанама әсерлері бар, күшті жанама әсерлері бар препараттар ең тиімді болып табылады.

    Денсаулық сақтаудың бұрынғы министрі Елжан Биртанов қызметінен кетер алдында бұйрыққа қол қойды. Бұйрыққа сәйкес бұрынғы уақытта қолдануға тиым салынған препараттарды балаларға қолдануға рұқсат етілді. Қазіргі уақытта олар ресми хаттамаларға енгізілген. Аружан Саинның арқасында да жағдай жақсарып келеді.

    - Эпилепсия қаншалықты таралған?

    - Бір процент. Балалардағы энурездегідей, яғни 1% балалар энурезбен ауырса, 1% эпилепсиямен сырқаттанады.

    - Эпилепсия тек жайылмалы тырысулық ұстамалар ғана емес, басқа да көріністермен байқалуы мүмкін екен. Осы туралы айтып беріңізші.

    - Иә, эпилепсияның ерекше көріністері болуы мүмкін. Ошақты ұстамалар кезінде эпибелсенділік мидың бір бөлігінде анықталады. Бұл эпилепсия ұстамасы екенін қалай анықтауға болады? Олар стереотипті, қайталамалы болуы қажет. Мысалы, мынадай жағдай болған: бойжеткен отырып, бір мезетте қолында ешнәрсе болмаса да, заттарды теріп отырғандай болды. Әпкесі шақырса, ол жауап қайтармады. Мұндай ұстамалар қысқа, бірнеше секундқа ғана созылады. Айына бір немесе екі рет қайталанады.

    Мысалы, адам қалшиып қалуы мүмкін. Менің науқастарымның бірі ересек әйел адам, 3 баланың анасы, маған кездейсоқ келді. Бұл науқаста кенеттен эпилепсияның жайылмалы тонико-клоникалық ұстамалары (конвульсиялармен) дамыды. Зерттеу барысында қалшиып қалу ұстамалары жасөспірімдік кезінде болған және бүкіл отбасы соған байланысты әзілдеген. Ал бұл эпилепсиялық ұстамалар болған. Мұндай белгілерді емдемесе, ерте ме, кеш пе ол үлкен эпилепсиялық ұстамаларға ауысуы мүмкін.

    Сонымен қатар жас студент қыздарда қолдарын селкілдету сияқты ошақтық ұстамалар болады. Мұндай эпилепсиялық ұстамалар сессия кезінде, емтихан алдында үдеуі мүмкін. Бұл белгілер ебедейсіздік деп қабылданады. Сондықтан оған тонико-клоникалық ұстамалар дамығанға дейін аса назар аударылмайды. Менің тәжірибемде эпилепсияның тағы бір ерекше ұстамасы болған. Науқастың елестемелері болып, ол өзін көріпкелмін деп есептеген. Эпилепсия кезінде елестеулер стереотипті, қайталанбалы болады, естен танусыз, бірнеше секундқа созылады. Егер дәрі-дәрмектерді дұрыс таңдаса, бұның барлығы емге жақсы көнеді.

    - Егер адам эпилепсияның жайылмалы ұстамаларының куәсі болса, ол науқасқа қалай көмек көрсете алады?

    - Ешқандай көмек көрсете алмайды, тек науқас жарақаттанып қалмауы үшін қауып-қатерден сақтау қажет. Науқас адам құсық массаларымен шашалып қалмауы үшін басын бір жаққа бұру керек. Жедел жәрдем шақыру қажет. Науқастың аузына саусақты салуға болмайды, саусақсыз қалуыңыз әбден мүмкін. Ұстама біткенге дейін күту керек. Әдетте ол ұзаққа созылмайды.

    - Кейде балаларда жоғары температура фонында фебрильді тырысулар болады. Оны эпилепсиялық ұстамалардан қалай ажыратуға болады?

    - «Қатерсіз» фебрильді тырысулар 1 жастан сәл кіші және 5 жасқа дейінгі балаларда болады. Олар симметриялық, иектің дірілдеуімен, көз алмасының жоғары айналуымен көрінеді. ЭЭГ-мен тексергенде ешқандай өзгерістер анықталмаса, онда мұндай тырысуларға арнайы ем жүргізбейді. Тек дене қызуын бақылау ұсынылады. 5 жастан кейін фебрильді тырысулар болмайды. Егер ЭЭГ-да патологиялық белсенділік анықталса және ұстамаларында асимметрия болса, онда арнайы ем тағайындалады. Бұл эпилепсияның дебюті болуы мүмкін.

    - ЭЭГ жайында әңгіме тарқатсақ. Бұл зерттеудің қандай әдісі?

    - ЭЭГ – бұл диагностиканың өте жақсы, қауіпсіз параклиникалық әдісі. Қолдану көрсеткіштері - эпилепсия, тырысулық жағдайлар, ауыр бас-ми жарақаттары, ересектерде ауыр инсульттар. Жанама көрсеткіштері – бас ауруы. Өкінішке орай, Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге, терең шала туылған нәрестелерге ЭЭГ жүргізу дамымай тұр. Бас миының бала жасына сәйкес даму дәрежесін анықтауға болар еді.

    Қарапайым күнделікті жасалатын ЭЭГ де бар. Оны 5 жастан асқан, даму тежелісі бар балалар мен ересектерге, эпилепсияның күндізгі ұстамалары кезінде жасайды. Ұйқы ЭЭГ-сы 5 жасқа дейінгі балаларға жасалады. Бұл кезде табиғи ұйқы болуы қажет.

    Біз белгілі бір жиіліктегі, мидың әр бөлігіндегі әр түрлі толқындарды қараймыз. Балалардың өз толқыны, ересектердің өз толқындары болады. Балаларда қалыпты болып есептелетін жағдайлар, ересектер үшін патология болуы мүмкін. Балаларда толқындар суреті әр 6 айда өзгеріп тұрады. Мысалы, 5-6 жаста ми белсенділігі бір бөлек, ал 7 жаста мүлдем басқа, дамыған болады. Өкінішке орай баланы мектепке неше жастан беру керектігі туралы шешім қабылдағанда дәрігерлермен ақылдаспайды. Баланы 7 жастан мектепке беру керек!Аутизмі бар балаларға міндетті түрде ЭЭГ жасау қажет. Аутизмі бар балалардың 80%-да еш ұстамаларсыз ЭЭГ-де эпибелсенділік байқалады.

    - Дәрігерлерді іздеу бойынша сервистер туралы Сіздің пікіріңіз қандай?

    - TopDoc сияқты сервистің пайда болғаны өте жақсы. Егер науқасқа невропатолог керек болса, сіздердің базаларыңызды қарап, әр түрлі дәрігерлер туралы мәлімет алуға болады. Барлығы бір жерде. Мен осындай ресурстардың дамуын қолдаймын! TopDoc – шынында жұмыс істейтін сервис. Сіздердің өзіндік бірегей құралдарыңыз бар және өте кәсіби жұмыс істейсіздер.

    Ең бастысы, бұл сервис - жанымызда, Қазақстанда. Сіздер адамдарға дәрігерлер мен клиникалар туралы жақсы, тексерілген ақпараттарды бересіздер. Көптеген адамдар Израиль, Германия, Ресей елдерінде ем іздейді, бірақ мүмкін ешқайда барудың да қажеті жоқ шығар. Мен осы мемлекеттердің көптеген мамандарынан білім алдым. Олар бізге көп нәрсе үйретті, бірақ ғажайып еш жерде жоқ. Мысалы, мен Польшада балалар сал ауруы бойынша тағылымдамадан өттім. Олардың әдістемесі бойынша жүргізілген ем нәтижелері біздің еліміздегі әдістемелер бойынша алынған ем нәтижелерімен сәйкес.

    Сіздердің «Айдың үздік дәрігері» байқауларыңыз - дәрігерлер үшін өте жағымды іс. Сіздер өте жақсы материалдар дайындайсыздар, дәрігерлерге қызықты сұрақтар қоясыздар, нәтижесінде науқастар өте көп ақпаратты ала алады. Дәрігер үшін ең үздік марапат – бұл әлемде бір нәрсені өзгерте алуыңды түсіне білу. Менің мамандығымда толық жазылып кету мәселесі айтылмайды, бірақ жағдайдың жақсаруына қол жеткізу, толыққанды өмір сүруді жалғастыру, өмір сүргеніңе қуану сияқты негізгі мәселелерді шешуді мен өзіме мақсат етіп қойдым.

    ...Айдың үздік дәрігері Чулкова Ирина Федоровнаға +7(707)22-55-009 телефон нөмірі бойынша немесе тікелей сайт арқылы жазылуға болады.

    Чулкова Ирина Фёдоровна
    26 лет стажа работы, Невропатолог, Психотерапевт, Эпилептолог
    5.0 Рейтинг
    148 отзывов
    26 лет стажа работы
    Для детей и взрослых
    Online консультация

    Мүмкін сізге осы мақалалар пайдалы болар:

    БАЛАДА ДЕНЕ ҚЫЗУЫ МЕН АУРУ СЕЗІМІ – НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

    АҒЗАМЫЗДА ПАРАЗИТТЕРДІҢ БАР-ЖОҒЫН ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ ?

    ЖҮЙКЕ ТАМЫРЛАРЫ МЕН СІҢІРЛЕРДІҢ ЗАҚЫМДАНУЫ: ТИІМДІ ОҢАЛТУДЫ ҚАЙДА ӨТУГЕ БОЛАДЫ

    АЛМАТЫДА МРТ-НЫ ҚАЙДА ЖАСАҒАН ДҰРЫС?

    TOPDOC.ME ҰСЫНАТЫН КЕҢЕСТЕР: МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

    КӨКТЕМГІ D ДӘРУМЕНІ: КӨҢІЛ-КҮЙДІ КӨТЕРІП, СЕРГІТІП, АРТЫҚ САЛМАҚТАН АРЫЛУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ