Коронавирустың ТОП-5 салдары: Не себепті ауырмаған дұрыс
Ауырған адам ағзасында коронавирус қандай салдар қалдыруы мүмкін?
Статистика бойынша адамдардың көпшілігі Covid-19-бен жеңіл және тіпті симптомсыз ауырады. Бірақ танымал адамдар, жақындарымыз бен таныстарымызға қарап, іс жүзінде бұл аурумен ауыр әрі ұзақ ауыратынын көрдік. Сонымен қатар тағы бір жағымсыз жаңалық бар. Коронавирус жұқпасымен ауырып өткен адамдардың денсаулығында бұзылыстар байқалады. Оларды егжей-тегжейлі талдайық.
Ентігу. Көптеген науқастар жазылған соң 1 апта және тіпті бірнеше айдан кейін ентігуге шағымданады. Әзірге мұның себебі анықталмады. Дәрігерлер өкпенің фиброзы (тыртықтану, өкпе тінінің дәнекер тініне ауысуы, бұл өкпе көлемін азайтады) немесе альвеолалардың тромбозы (қан тамырларының бітелуі) деген болжам жасайды. Фиброзды емдеу мүмкін болмағандықтан, дәрігерлер ковид-науқастарына тыртықтанудың азаюына әкелетін ем мен тыныс алу жаттығуларын тағайындайды.
Аритмия. Коронавирус жұқпасымен орташа және ауыр дәрежеде ауырған адамдардың 20%-45% өздерінде аритмияны байқайды. Аритмия – жүрек ритмінің бұзылысы. Ғалымдардың болжамы бойынша жүрек бұлшықеті жиырылуының бұзылысы цитокиндік дауылмен, яғни вирусқа адам ағзасының шұғыл жауап қайтаруымен байланысты. Мұндай реакция ауруды жұқтырған адамдардың барлығында кездесе бермейді, бірақ дене қызуының жоғарылауы, вирустан туындайтын интоксикация және кейбір дәрілердің әсері де жүрек жұмысының бұзылысына әкелуі мүмкін.
Тромбоз. Коронавирустық жұқпаның ауыр түрімен жан сақтау бөліміне түскен науқастардың 40%-да қан ұюының үдеуі байқалған. Ауру кезінде түзілген қан ұйындылары, яғни тромбтар инсульт пен инфаркттың (ми немесе жүректе тамырдың бітелуі) себебі болуы мүмкін. Қазіргі уақытта тромб түзілуіне қарсы дәрілік заттар ковид емдеу хаттамасына енгізілген және барлық науқастарға тағайындалады.
Депрессия. Науқастардың көпшілігі шаршағыштық, жөтел мен дене қызуының жоғарылауына қосымша неврологиялық және психикалық жүйеде бұзылыстарды байқаған. Атап айтсақ, үрейлік шабуылдар, апатия, депрессиялық жағдай, мазасыздық, қорқыныш. Сонымен қатар кейбір науқастар «ой-санам тұманданды» сияқты когнитивті бұзылыстарға шағымданды. Біршама жағымсыз симптомдар қабылданатын дәрілермен, соның ішінде күшті антибиотиктермен байланысты болуы мүмкін. Бірақ дәрігерлер жүйке жүйесі мен психикалық жағдайдың бұзылысын вирустың өзі қоздырады деп болжамдайды.
Дәрілердің жанама әсерлері. Ковидті тікелей емдейтін дәрілер жоқ және жақын уақытта бола қоймас. Вирустық жұқпаларды емдеу бактериялармен шақырылған жұқпаларды емдеумен салыстырғанда өте қиын. Мысал ретінде гонорея мен герпесті салыстырайық. Гонорея гонококк бактериясымен шақырылады. Кейбір антибиотиктердің нұсқаулығында гонореяны емдеу үшін дәріні 1 реттік қабылдау жеткілікті деп жазылған. Ал герпес адам ағзасына түссе, оны емдеу үшін жасалған арнайы дәрілерге қарамастан онда мәңгі қалады. Енді ковидке қайта оралсақ. Егер коронавирус пневмонияға шалдықтырса, дәрігерлер антибактериалды дәрілерді өте жоғары мөлшерде тағайындайды. Нұсқаулықта жазылған лоқсу, әлсіздік, аллергия, іш өту, мазасыздық, бас ауруы және басқа да жанама әсерлерден басқа антибиотиктер иммунитеттің төмендеуіне әкеледі. Егер антибиотиктерді бақылаусыз, дәрігердің тағайындауынсыз, дәріханадағы сатушының немесе осы аурумен ауsрып өткен көршінің кеңесі бойынша қабылдаса, онда тіпті дәріге тұрақтылық дамуы мүмкін. Нақты айтатын болсақ, егер сіз келешекте кез келген жұқпалы аурумен ауырсаңыз, қабылдайтын антибиотик көмектеспеуі мүмкін.
Қазіргі уақытта коронавирусты жұқтыратын және ауыр дәрежеде өтетін адамдарға тек қарттар, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулары бар адамдар жатпайтынына көз жеткізілді. Ковид жас және физикалық тұрғыда мықты адамдардың денсаулығын бұзады немесе тіпті олардың өліміне әкеледі. Осы орайда санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау өте маңызды болып отыр. Бұл ережелерге маска тағу (жабық бөлмелерде немесе адам көп жүретін көшелерде – міндетті), қоғамдық орындарға барған соң қолды жуу, ең маңыздысы жаппай топталу орындарына бармау және қарым-қатынастарды шектеу жатады. Мәселе ережелердің қатаңдығында немесе миға қонымсыздығында емес, сіздердің денсаулықтарыңызда екенін естеріңізде сақтаңыздар.
Мүмкін сізге COVID-19 жайлы мақалалар пайдалы болар: