• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • Ағзамызда паразиттердің бар-жоғын қалай білуге болады ?

    Паразитолог Бацикадзе Лали Борисовна бізге паразиттер туралы нақты, әрі жүйелі түрде түсіндіріп береді: гельминттердің кең тараған түрлері, паразиттердің бар-жоғын анықтайтын  нақты диагностика, оның тиімді емі мен алдын алудың нәтижелі шаралары.

    «Әдепті», «биязы», «білгір» - осындай теңеулермен науқастар паразитолог  Лали Борисовна Бацикадзені сипаттайды. Әдептілік – дәрігер-паразитологтың жұмысындағы ең негізгі дағды. Себебі глисттік инвазия мәселесінің өзі өте жауапты болып табылады.

    Лали Борисовнаның  жұмыс өтілі 24 жыл, оның 15 жылы паразитология саласында мамандануына арналған:

    - Мен бұған қалай келдім? Бізде -династия. Менің анам Элеонора Александровна Бацикадзе жоғары білікті дәрігер, Алматы теміржол емханасында паразитолог-инфекционист болып ұзақ уақыт жұмыс істеген. Мен оның жетекшілігімен білім нәрін сусындап, практикалық тәжірибемнің басым бөлігін анамнан алдым.   

    Қазақстанда кең тараған паразиттер 

    Бацикадзе дәрігердің пікірі бойынша, тұрғындардың 80% астамына паразитарлық инфекцияны жұқтыру қаупі төніп тұр. Негізгі қауіп-қатер тобына балалар мен термиялық өңдеуден өтпеген азық-түлікті ұнататын адамдар  жатады. 

    Лали Борисовна адамдарда паразиттердің таралуы бойынша бірінші орынға энтеробиозды қойып отыр. Оның негізгі себебі – жыланқұрттар. Олар балаларда жиі кездеседі. 

    - Жыланқұрттар адам ағзасына ауыз арқылы түседі, - деп түсіндіреді ол. – Балаларда жыланқұрттың болуының негізгі белгілері – анус аймағында қышу, балаларда мазасыздық пен күйгелектік, тәбеттің болмауы және іш аймағында ауру сезімі. Осы белгілер ата-ананы бірден алаңдату қажет. Көбісі «құрттар бәрінде бар» деп ойлайды және оған көңіл бөлудің қажеті жоқ деп есептейді. Бірақ бұл - теріс пікір. 

    Жыланқұрттарды анықтау өте оңай. Олар анда-санда сыртқа шығады, себебі олардың көбею циклына ауа қажет. Сондықтан оларды аналды тесік аймағынан көре аласыз. Бала қышып тұрған аймақты қасуы мүмкін, содан соң қолын жумай, өзін қайтадан паразиттермен жұқтырады.    

    - Балаға қолын аузына салмау, тырнақтарын тістемеу, жуылмаған жеміс-жидектерді жемеу туралы түсіндіру өте маңызды, - деп ескертеді дәрігер.– Балаға қолын сабынмен жууды дағдыландыру керек. Төсек жабдықтары мен ішкиімдерді термиялық өңдеу және ыстық үтікпен үтіктеу қажет. 

    Қазақстандық науқастардың ішінде екінші орынды аскаридалар алады.   Бұлар қан және лимфа ағысымен адамның ағзасына тарайтын  қауіпті паразиттер болып табылады.   

    - Аскаридалар  бронх-өкпе жүйесін «жақсы көреді»,  «себепсіз» жөтел шақырады, тіптен демікпенің көрінісі байқалады, - деп түсіндіреді дәрігер Бацикадзе. – Сонымен қатар, паразиттер саңырауқұлақ (грибок) жұқпасының дамуына жағдай  жасайды. Сондықтан паразиттерге қарсы бағдарламада саңырауқұлақтарға қарсы ем қатар тағайындалады. Адам интернет желісінен әлдеқандай ақпаратты оқып алып, құрттарға қарсы бір немесе екі дәріні ішу арқылы өзін-өзі емдеумен айналыспау қажет. Бұлай тек мәселені ушықтырып, өзіне зиян келтіруі мүмкін. Дәрілерді қабылдау құрттардың өліміне әкелуі мүмкін, ал олардың ыдырау өнімдері адам ағзасына уытты әсер көрсетеді.   

    Келесі жиі тараған паразиттер - лямблиялар. Лямблияқұрт емес,  олар қарапайымдыларға жататын өте қауіпті паразит. Көбінесе бауыр, өт жолдары және өт қапшығында болады. Шала қуырылған ет, балық, суши сияқты тағамдардармен ауыз арқылы жұғады. 

    - Лямблиялардан құтылу оңай емес, себебі олар ішекте тіршілік етпейді.   Лямблиялар өт қапшығында іркілу үрдістері, өт қапшығының дискинезиясы  бар адамдарда жиі кездеседі.  Іркілген өт асқорытуға толық қатыспайды, лямблия жұмыртқаларын ыдырата алмайды және осы жұмыртқалар адам ағзасына оңай енеді, - деп түсіндіреді дәрігер.

    Бауырда болатын және гепатоциттерді бұзу нәтижесінде бауыр циррозына алып келетін паразиттің келесі түрі -  описторхоз.   

    - Описторхоз термиялық өңдеуден өтпеген балықты, яғни суши, тұздалған балық, сүрленген, қақталған теңіз және өзен балықтарын жейтін адамдарда кездеседі, - дейді дәрігер.

    Егер лямблия мен описторхиялар өт шығару жолдарын мекен етсе,  паразиттің басқа түрі – шистосомалар зәр шығару жүйесін мекендейді және жиі қуықта кездеседі. 

     Лали Борисовнаның байқауынша, қазіргі уақытта филяриоз өте жиі кездесетін болған. Осыдан 7-8 жыл бұрын жылына тек 1 жағдай ғана тіркелген.   Қазір, өкінішке орай, филяриозбен сырқаттанған науқастар апта сайын келеді.  Филяриялар жәндіктердің шағуы арқылы ағзаға түседі, тері астында жолдар жасап дамиды. Филярияның ең сүйікті «иесі» - су жағасында шатыр құрып, онда түнейтін балықшылар.  Көп адамдар осындай демалыстан өзімен бірге  балықтармен қатар паразиттерді де ала келеді.

    Қазақстандықтарда құрттардың ең қауіпті түрі болып есептелетін эхинококк жиі кездеседі. Оны тек ота жасау арқылы ғана алып тастауға болады.   

    - Эхинококты киста нәресте басының көлеміндей өлшемге дейін жетеді,  оны қатерлі ісікпен шатастырып алу әбден мүмкін. Оны УДЗ жасаған кезде бауыр мен өкпеден анықтайды, содан кейін сараптамалармен расталады,- дейді сұхбаттасушы.

    Эхинококты операциялық жолмен алып тастаудың жаңа әдістері қолданылғанмен, шала қуырылған, әсіресе бауырдан жасалған кәуапты жемеген абзал, - деп кеңес береді паразитолог. Сәтті аяқталған отадан кейін де аурудың қайталану қаупі өте жоғары. 

    Барлығынан хабардар болыңыз.

    Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.

    Суши, стейк пен қорқор. Паразит қайдан пайда болады?

    Құрттарды жұқтыру жолдары  - көп жағдайда азық-түлік арқылы. Оларға дұрыс жуылмаған көкөністер мен жеміс-жидектер, қоғамдық тамақтану орындарындағы жуылмаған ыдыс-аяқтар, шала піскен ет (стейктер, бургерлер) пен балық (суши) жатады. 

    - Қорқор паразиттерді жұқтырудың тағы бір жолы болып табылады, себебі құралдың бөліктері залалсыздандырылмайды. Қорқор арқылы паразиттермен қатар бактерия мен вирустарды да жұқтыруға болады, - алдын ала ескертеді дәрігер.

    Сонымен қатар дәрігер Бацикадзе  тауық жұмыртқасын пісірер алдында сабынмен жууға, сондай-ақ  қайнатылған немесе сүзгі арқылы өткен суды ішуге кеңес береді. 

    - Азық-түліктерді мұздатқышта қатыру көмектеспейді, себебі паразиттер мұздатылған балықтар мен етте сақтала береді, - дейді ол. -  Жылулық өңдеуден өтпеген азық-түлікке ерекше көңіл аудару керек. Майшабақ пен бастурманы жақсы көрсеңіз, тексерілген өнеркәсіпте жасалған жерден алған абзал. Көк шөптерді су ағынында жуу арқылы құрттардың жұмыртқасынан құтыла алмайсыз. Оны сірке еіртіндісіне (1 литр суға 1 ас қасық сірке суы) салып қоюға болады. Жемістерді арнайы заттармен жуу қажет. Қызанақ пен қиярды ыстық сумен шаюға болады.  

    Көше мен саябақтарда жануарлардың тазаланбаған нәжісі кеуіп, шаң-тозаңға айналып, желмен таралып, әр түрлі заттардың бетіне қонады. Осындай шаңда паразиттердің құрттары болуы мүмкін. Адам осы шаңды жұтуы немесе құрт жұмыртқаларын аяқ-киімдері арқылы үйіне әкелуі мүмкін.   

    Үй жануарлары паразиттер жұмыртқаларын көшеден жүндеріне немесе табандарына жабыстырып, үйге әкеледі. Сондықтан олармен серуендеген соң табандарын жуып, жүндерін тазалау қажет.  Жылына екі рет үй жануарларына  құрттардан тазалау шараларын («құрттарды қуу») жасау керек.    

    Құрттардан сақтануға болады ма?

    Паразиттермен жанаспау мүмкін емес. Адам – әлеуметтік тіршілік иесі. Бірақ бұл сіздің паразитті міндетті түрде жұқтырады дегенді білдірмейді. 

    - Иммунды жүйе мен асқорыту жүйесінің жақсы жұмысы  - ағзада паразиттердің болмауының кепілі. Егер асқазан-ішек жолдары жақсы жұмыс істесе, паразиттердің жұғу қаупі сізге төнбейді! - дейді Лали Борисовна. – Ауыз арқылы түскен құрт жұмыртқасы сілекеймен кездеседі. Сілекейде Ph-тың белгілі деңгейі бар. Егер бұл бөгеттен құрт жұмыртқасы өтіп кетсе, одан әрі асқазан-ішек жолдарында асқазан сөлі, өт, ферменттер іске қосылады. Сау адамда бұл құрт жұмыртқасын жояды. Егер АІЖ-нің проблемалары болса, онда паразиттерді жұқтыру әбден мүмкін.  

    Иммунды жүйені нығайтыңыз, өттің ағуын, бауыр мен ішектің жұмысын бақылаңыз, микробиотаның қалыпты тепе-теңдігін сақтаңыз. Осының бәрі ағзаға құрт жұмыртқасы түссе де, одан паразиттердің дамуын тоқтатады. 

    Өзіңде паразиттердің болуын қалай анықтауға болады?

    Паразиттер өте қауіпті, олар өздерінің бар-жоғын білдіртпейді, -деп ескертеді дәрігер.

    - Паразиттерден ауру сезімі болмайды, айқын клиникалық белгілері байқалмайды, - растайды Бацикадзе. – Жұқтырған адамда поллиноз, дерматиттер, бөртпелер сияқты аллергияға бейімділік пайда болады. Иммунитеті төмендеп, дәрумендер мен микроэлементтердің тапшылығы байқалады. Мысалы, теміртапшылықты анемия, гемоглобиннің төмендеуі ағзада паразиттердің болуының бір белгісі болып табылады. Яғни ағзада  баяу ағымды созылмалы үрдістер жүреді. Оның себебін табу өте қиын және емге көне бермейді.  

    Глисттік инвазияның жанама белгілеріне көмескі, құрғақ шаш, шаштың түсуі, алопеция, себорея, қайызғақ, тырнақ бетінің деформациялануы, тырнақтарда ақ дақтардың болуы, көрудің нашарлауы жатады.  Құрттардың жиі кездесетін белгілеріне  үнемі шаршағыштық сезімі, апатия, әлсіздік, көңіл-күйдің болмауын айтуға болады.

    Бірақ нақты диагнозды қойып, зертханалық тексерулер мен аспаптық зерттеулердің нәтижесінде  ғана дәрігер-паразитолог құрттарды ағзадан шығара алады. Паразиттердің әр түріне сараптама бағасы арзан емес, сондықтан дәрігерден зертхана  мен паразиттер түрлерінің тізімі бойынша алдын ала  кеңес алу  керек. 

    Нәжісті құрт жұмыртқасына микроскопиялық зерттеу сияқты ескі әдіс әлі күнге дейін кең қолданыста. Бірақ қазір паразиттерді анықтау үшін көптеген  заманауи әдістер бар. Атап айтсақ, ИФТ мен ПТР зертханасы - қан арқылы диагностика, Тұрдиев консервантына нәжісті жинау. Сонымен қатар паразиттерді аспаптық әдістермен анықтауды да назардан тыс қалдырмау керек. 

    Зертханалық диагностикада адам ағзасында паразиттердің болуының ықтимал деңгейі, яғни референстер болады. Егер сіздің титріңіз ықтимал деңгейден асып кетсе, онда бұған мұқият ерекше көңіл бөлу қажет. 

    Негізінен паразиттерді адамдарда анықтау оңай емес. Қазіргі уақытта Ресейде провокациямен сараптама жасау қолданылады. Яғни емделуші алдын ала құртқа қарсы дәріні ішеді. Дәріні қабылдау сараптамада реагенттердің паразиттердің болуына жауап қайтару мүмкіндігін жоғарылатады.  Провокацияны қашан және қалай жасауды дәрігер ғана шеше алады.   

    Лали Бацикадзе жүктілікті жоспарлап жүрген отбасылық жұптарға паразиттерге тексерілуге кеңес береді. Өйткені көп жағдайда құрттар баланың ана құрсағында біту қиындығының немесе бала денсаулығының бұзылысының себепкері болады. 

    Паразиттерді дер кезінде емдеу неліктен маңызды? Адам ағзасында құрттардың болуы  паразиттердің ең жоғарғы деңгейі болып есептелетін қарапайымдылардың (лямблия, амеба, трихомонада) жұғуына мүмкіндік береді.  Бұл өз кезегінде бактериялардың (стафило мен стрептококтар, сальмонеллалар) көбеюіне алдын ала жағдай  жасайды.  Нәтижесінде саңырауқұлақтардың белсенді өсуі басталады. Бұл емделуі қиын вирустардың көбеюіне әкеледі. Осылайша құрттар паразиттердің басқа да түрлері, бактериялар мен вирустардың өсу мен көбею тізбегін бастап береді. Паразиттерден құтылған соң ғана басқа да ауруларды сәтті емдеуге болады.   

    Мүмкін сізге осы мақалалар пайдалы болар:

    БАЛАДА ДЕНЕ ҚЫЗУЫ МЕН АУРУ СЕЗІМІ – НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

    ЖҮЙКЕ ТАМЫРЛАРЫ МЕН СІҢІРЛЕРДІҢ ЗАҚЫМДАНУЫ: ТИІМДІ ОҢАЛТУДЫ ҚАЙДА ӨТУГЕ БОЛАДЫ

    «АҚЫРЫ МЕН ӨЗ ДӘРІГЕРІМДІ ТАПТЫМ!» Қыркүйек айының үздік дәрігері

    АЛМАТЫДА МРТ-НЫ ҚАЙДА ЖАСАҒАН ДҰРЫС?

    TOPDOC.ME ҰСЫНАТЫН КЕҢЕСТЕР: МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

    КӨКТЕМГІ D ДӘРУМЕНІ: КӨҢІЛ-КҮЙДІ КӨТЕРІП, СЕРГІТІП, АРТЫҚ САЛМАҚТАН АРЫЛУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ